Иран әлемдік мұнай нарығында дүрбелең тудырды
Әлемде "қара алтын" қымбаттады.
Таяу Шығыстағы қақтығысқа Иранның араласуы әлемдік мұнай нарығына әсер етті. Жалпы Таяу Шығыс аймағы әлемнің мұнай нарығы үшін маңызды. Өйткені бұл өңірге ғаламдық "қара алтын" өндірісінің 30% тиесілі. Осы аймақтағы алпауыт ел – Иранның Израильге шабуыл бастауы әлемдік нарықта дүрбелең туғызды. Өйткені Иран – ірі мұнай өндіруші. Ол күніне шамамен 3 млн баррель "қара алтын" шығарады. Бұл – әлемдік мұнай өндірісінің 3%. Бұдан бөлек, ресми Тегеранның Ормуз бұғазындағы жүріс-тұрысқа ықпалы орасан. Аталған су айдыны арқылы әлемдік мұнай саудасының 30% тасымалдайтын "қара алтын" және газ танкерлері өтеді. Олар күніне 20 миллион баррель мұнайдың жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сауд Арабиясы, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт пен Қатар сияқты басқа ірі өндірушілер Ормуз бұғазына қатты тәуелді. Еуропадағы ірі консалтиңгтік компания – Capital Economics мұнай бағасының баррелі 100 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деп болжайды.