Венгрияның Пакш қаласындағы АЭС тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер еткен

Венгрияның Пакш қаласындағы атом электр станциясы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар жергілікті тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер еткен, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, станцияға жақын аймақтардың келбеті өзгеріп, халық саны артқан. Арна тілшісі қос станцияның орналасқан өңір тұрғындары және станция жұмысымен танысып қайтты.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Пакш елді мекенінің тұрғындары үшін атом электр станциясы  – жергілікті өмірдің маңызды бөлігі. Себебі, ауылда Пакш АЭС-інің 1980 жылдардан бері жұмыс істеп тұр. Сондықтан қала тұрғындарының АЭС-ке қатысты өзіндік пікір қалыптасқан. Бұл көзқарас әртүрлі және бірнеше факторларға тәуелді: экономикалық жағдай, экологиялық қауіпсіздік, және әлеуметтік даму. АЭС-тің салынуымен және жұмысқа қосылуымен қала инфрақұрылымы айтарлықтай дамып, халықтың әл-ауқаты артыпты. АЭС-те жұмыс істейтін адамдардың тұрақты әрі жоғары жалақысы жергілікті экономикаға оң әсер етті.

Эдина Толлер, мұражай қызметкері:

- Мен Пакшта дүниеге келдім. Шаһар маған ұнайды. Осында тұрмыс құрып, жұмысқа тұрдым. Атом электр станциясында бірнеше рет болдым. Мен оны сенімді, жақсы, таза электр станциясы деп білемін. Мұнда мүмкіндік мол.

Атом электр станциясы өзіне жақын орналасқан елді мекендерге оң әсер еткен. Ауыл келбеті өзгеріп, қосымша нысандар бой көтерген. Балабақша мен мектептерде оқитын оқушылардың саны да артыпты.

Барнабаш Дубай, құрылыс компаниясының иесі:

- «Пакш I» мен «Пакш II» станциясының арқасында ауыл тұрғындарының саны едәуір артты. Осыған байланысты, биылдың өзінде 20 тұрғын үй мен түрлі әлеуметтік нысандар салдық. Құрылыс компаниясына жұмысқа жергілікті тұрғындарды  алуға тырысамыз. Бір ғимаратты орташа 5-6 айда тапсырып жатырмыз.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Пакш ауылында радиацияны өлшейтін құрылғы бар. Бір қызығы, бұл Венгрияныкі емес. АЭС-ке түбегейлі қарсы Австрия елінікі. Шекаралас мемлекет қауіптің деңгейін тексеру үшін 1990 жылдары Пакшқа арнайы орналастырыпты. Автоматтандырылған құрылғы әрбір 15 минутта радиацияның деңгейін көрсетеді. Ол ақпараттар әкімшіліктің парақшасын ашық және ұдайы жарияланып тұрады. 30 жылдан бері ешқандай жоғары радиация тіркелмеген. Мысалы, бүгін радиация 84,05 ноносивиат. Бұл көрсеткіш 200-ге дейін қалыпты жағдай болып есептеледі. Тіпті АЭС жоқ елді мекендер де осы көрсеткішкі көрсетуі мүмкін.

Кароли Ромхани, Герьен ауылының мэрі:

- Әкімшілігіміздің парақшасында ауылдағы радиация көлемі көрсетілген. Кез келген азамат кез келген жерден осындағы ақпаратқа қол жеткізе алады. Халыққа радиацияны өлшейтін австриялық құрылғыдан алынған мәліметтерді көрсетіп отырамыз.

АЭС-тің арқасында Мажарстан тұрақты және арзан электр қуатымен қамтамасыз етіліп, энергия шығындарын төмен деңгейде ұстап тұра алады. Тұрақты жұмыс орындарын құрып, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға ықпал етіп отыр. Пакш АЭС-і сондай-ақ елдің энергетикалық саласын нығайтады

Анталом Ковач, Пакш АЭС коммуникациялар жөніндегі директоры:

- Ең маңыздысы энергетикалық қауіпсіздік. Пакштағы АЭС бізге бірнеше жылға жететіндей қосымша энергия өндіруге мүмкіндік береді. Еліміз Еуропада электр энергиясының тарифі ең арзан елдің бірі. Бастысы, бұл энергия табиғатқа зиян келтірмейді.

Питер Ракочци, «Пакш II» АҚ коммуникациялар жөніндегі директоры:

- Қазіргі таңда бірінші АЭС 2000 мегаватт электр өндірсе, екінші АЭС-тің қосылуымен бұл көрсеткіш 2400-ге дейін көтерілмек. Осылайша, елге қажетті барлық энергияны өзімізде өндіруге ниеттіміз. Қазіргі таңда жобада 1 мың адам қызмет атқарып жатыр. Іске қосылған кезде 10 мыңға дейін кісіні жұмыспен қамтамасыз етеміз деп отырмыз.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Венгриядағы әрбір тұрғын АЭС жұмысымен танысуға құқылы. Станцияда осындай арнайы халықты ақпаратпен қамтамасыз ету орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда келушілер атомдық энергетика, қауіпсіздік шаралары мен АЭС жұмысы және оны қолдану әдістерімен таныса алады. Ол үшін азамат алдын ала хабарласып, сайтта келуге өтініш қалдыруы қажет.

Мажарстандағы Пакш АЭС-і тек елдің электр қуатын өндіру ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық және әлеуметтік дамуының негізі болып отыр. Жергілікті халық оны аймақтың өркендеуінің кепілі деп санайды.

Авторы: Меруерт Қанағат