Өзбекстандағы Қазақстан азаматтарының 15%-і дауыс берді
Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан елшілігі жанындағы референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.
Оған Ташкенттегі студенттер, уақытша жұмыс істейтін және тұратын отандастарымыз, қазақстандық туристер мен іссапарда жүрген азаматтар барып, таңдауын жасап жатыр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұл – Ташкенттегі №399 референдум учаскесі. Шет мемлекеттердегі ең ірі дауыс беру орындарының бірі. Консулдық есеп бойынша Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 600 Қазақстан азаматы бар. Референдум учаскесінің төрағасы Жаслан Искаковтың айтуынша, мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар да жасақталған. Дегенмен әзірге мұндай қызметке сұраныс түскен жоқ. Таң атқалы таңдау жасаған азаматтардың ішінде еліміздің белгілі спортшыларын да кездестірдік. Астанадан ат терлетіп жеткен қыздар гандбол құрамасы осы тізімде бар. Олар Өзбекстандағы халықаралық турнирде бақ сынап жатыр. Байрақты бәсеке еліміз үшін айтулы оқиғамен тұспа-тұс келгендіктен, бұрымды спортшыларымыз көпшілікпен бірге таңдау жасауды жөн көрген.
Мадина Мырзамсейітова, гандболдан Астана құрамасының мүшесі:
- Біз осында 13 адам келдік. Бапкеріміз бар. Директор бар. Осында референдумда дауыс беруге келдік. Бұл елге келуіміздің себебі – Өзбекстанның тәуелсіздік кубогына қатысып жатырмыз. Сондықтан осы жарыспен тұспа-тұс келген референдумда дауыс бердік.
Референдум учаскесі кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс беру орны Ташкенттегі Қазақстан елшілігінің ғимаратында орналасқан. Күндізгі сағат 10.30-ға дейін мұнда 100-ге тарта адам дауыс берген. Бұл – жалпы дауыс берушілердің 15%-і.