Түркиядағы отандастарымыз белсенді дауыс беріп жатыр
Қазақстаннан тыс әлемнің 59 мемлекетінде 74 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды 24kz.
Солардың ішіндегі ең ірісі Түркияда орналасқан.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Мен қазір Анкарадағы елшілігімізде ашылған №418 референдум учаскесінде тұрмын. Таңсәріден елшілікке келіп дауыс беріп жатқан адамдардың қарасы қалың. Жексенбі күніне қарамастан дауыс берушілердің белсендідігі жоғары. Жалпы Түркияда үш референдум учаскесі бар.
Олар Анкара, Ыстамбұл мен Анталия қалаларында орналасқан. Шамамен үш мыңнан астам азамат тіркелген. Тап осы үш жерге Түркиядағы 81 провинцияда оқитын яки тұратын азаматтарымыз келуде. Дауыс берушілердің басым бөлігі түске дейінгі уақытта келіп қойды десек артық айтпаймыз. Бір қуантарлығы, жастарымыздың көпшілігі ұлттық киімімізбен келіпті. Тіпті Болу қаласынан келген студенттерді қазақ батыр бастап келді.
Айта кеткен жөн, елде дауыс берушілердің денін түрік университеттерінде білім алушы жастар, халықаралық ұйым өкілдері, дипломаттар мен туристер құрап отыр. Анкарадағы №418 референдум учаскесінің жұмысы жайлы толық ақпаратты комиссия төрағасы Асқар Төлепбергеннен сұрап көрген едік.
Асқар Төлепберген, №418 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Анкарадағы референдум учаскесінде дауыс беру заңнамаға сәйкес өтуде. Плебисцит қатысушылары таңғы сағат 7-ден келіп бастады. Жалпы біздің учаскеде 1236 дауыс беруге құқығы бар адамдар тіркелген. Қуантатын жағдайдың бірі – ол Түркияда оқып жүрген студенттердің референдумға деген белсенділігі. Дауыс берушілердің көбісі Елшілік сайты арқылы тіркелген адамдар. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі жалпыхалықтық дауыс беруді өткізу рәсімдерінің барынша ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бар күшін салуда.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркияда 81 провинция бар. Бұл аймақтағы отандастарымыз өздеріне ең жақын үш қаладағы референдум учаскелерінде дауыс бере алады. Мәселен, 20 провинцияда білім алып жатқан жастарымыздың өтініші бойынша Анкараға арнайы көлік ұйымдастырылды. Қаратеңіз мен Мәрмәр, Егей теңізі өңірінде тұратындар Ыстамбұлда, ал Ақтеңізге жақын өңірлер Анталияда өз таңдауын жасап жатыр. Референдум учаскесінде тұңғыш рет дауыс берген азаматпен тілдесіп көрген едік.
Саят Айтбаев, студент:
- Ниғде қаласынан референдумда дауыс беру үшін арнайы келіп отырмын. Себебі, еліміздің болашағы жастар үшін, мен үшін маңызды. Алғаш рет дауыс бердім. Еліміздің болашағы үшін пайдалы шешім шығады деген ниеттемін.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Үш бірдей сайлау учаскелерінде де арнайы топтағылар үшін жылжымалы дауыс беру жәшігі қарастырылған. Ем іздеп, мұхит асып келгендер бұл қызметті қолдана алады. Сондай- ақ референдум учаскелері байқаушылар мен БАҚ үшін ашық.