Лондонда дауыс беру жүріп жатыр. LIVE
Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі жанында орналасқан дауыc беру учаскесінде референдум жалғасып жатыр.
Лондон Астана уақытымен 4 сағат артта.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Қазір бізде түскі уақыт. Мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ғимаратында орналасқан №376 дауыс беру учаскесіндемін. Өздеріңіз байқап тұрғандай, менің артқы жағымда Қазақстанның және Ұлыбританияның туы, ортасында дауыс беру жәшігі тұр. Референдум комиссиясының мүшелері ережелердің толық сақталуын қамтамасыз етуде. Жалпы отандастарымыз дауыс беруге ниетті екендіктерін айтып, учаскеге алдын ала тіркелген. Түске таман дауыс берушілердің саны таңертеңгі уақытқа қарағанда артты. Өйткені Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақстандықтар Лондонға енді жетті десе болады. Араларында Рединг, Манчестер, Абердин, Глазго қалаларында уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз, осында саяхаттап жүрген туристер көп. Басым көпшілігі студенттер қауымы және олардың белсенділігі өте жоғары. Бірінші болып келген дауыс берушіге елшілік тарапынан сыйлық берілді.
Әлішер Қараман, студент:
- Мен бірінші курс студентімін. Вестминстер университетінде IT мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бүгін өмірімде бірінші рет және Лондонда бірінші болып дауыс беруге келдім. Конституциялық құқығымды жүзеге асыру мен үшін үлкен мәртебе.
Бегайым Ибрагимова, турист:
- Бұл жерде біздің ұлымыз Нұрғанат Сүттібай қызмет атқарады. Алтыншы жыл осы жерде отбасымен тұрып жатыр. Бізді қонаққа шақырған еді. Сол Лондонға келіп, қыдырып, аралап, көріп, немерелерімізді иіскеп дегендей...
Орынбасар Сүттібаев, турист:
- Қазақстанның әрбір азаматы өз ойын, пікірін білдіруі керек. Қарсы ма, әлде қолдай ма? Өз ой-пікірін білдіруі керек. Қазақстанның азаматы ретінде осы Лондонда жүрсем де елшілікке келдім, дауыс берейін, өз ойымды, пікірімді білдірейін деп келдік.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Елшілік референдумға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Таңертең 7-де ашылған дауыс беру учаскесі кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін референдум комиссиясының мүшелері дауыстарды санауға кіріседі. Учаске жабылғаннан кейін 1-2 сағаттың көлемінде Лондондағы референдум нәтижелері белгілі болмақ. Саяси маңызы бар науқанның алдын ала нәтижелері ертең халыққа жария етіледі.