Таяу Шығыстағы қақтығыстың басталғанына тура бір жыл толды

ХАМАС ұйымы мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыстың басталғанына бүгін тура бір жыл. Содан бері талай тұрғын жазықсыз жапа шегіп келеді, деп хабарлайды 24kz.

Осы күнге дейін қанша адам опат болды?

Осыдан тура бір жыл бұрын ХАМАС Израильді атқылап, әлемдегі ең қуатты барлау қызметтерінің бірін абдыратты. Шабуыл шекара маңындағы электронды музыка фестивалінен басталды. Бір топ палестиналық шекаралық бөгетті бұзып, елді мекендер мен әскери нысандарға басып кірді. Соның салдарынан мыңдаған еврей қаза тапты. Жүздегенін ХАМАС мүшелері тұтқынға алды. Осыдан кейін Израиль қорғаныс армиясы азаматтарды босату үшін әскери операциясын бастады.

Бірақ соның зардабын қарапайым тұрғындар тартты. Газа секторын атқылау кезінде 42 мыңға жуық палестиналық опат болды. Олардың жартысына жуығы бала. Жараланғандар саны 100 мыңға жуықтайды. Өз кезегінде Израиль тарапынан 1200 адам қаза тапқан.

Амани әл-Гүл, Израиль тұрғыны:

- Мұнда менің ұлым Али мен оның достары жерленген. Бұрын бұл зират бос болатын. Небәрі жеті-сегіз адамның бейіті болушы еді. 7 қазандағы шабуылдан кейін жерленгендердің саны күрт артты. Қазір зират мәйітке толы. ХАМАС қарттарды да, жастарды да аямады.

Умм Мұхаммад Абу шакфа, Газа секторының тұрғыны:

- Әу баста мен солтүстікке қарай қаштым. Кейін қайта оралдым. Қазір теріскейде өмір сүріп жатырмын. Газада шабуылдардан қорғанатын жер қалмады. Балалар, әйелдер, одан қалды қарттар жаппай қаза тауып жатыр. Шатырларда күн көруге мәжбүрміз. Бұның қашан бітетінін белгісіз.

Газа секторында тұрғын үйлердің 70%-тен астамы қирап қалған. БҰҰ сарапшыларының айтуынша, олардың бәрін қалпына келтіру үшін кемі 16 жыл қажет. Аймақтағы ахуал ушыққалы 2 миллионға жуық азамат бас сауғалап, босып кеткен. Дені Рафах қаласынан пана тапқан.

Сабри Масуд, Газа секторының тұрғыны

- Осы бір шағын ауданда 58 тұрғын үй бар еді. Бәрі жермен-жексен болды. Жұрт туған-туысын іздеп осында келіп жатады. Көбі үйінді астында жатыр.

Газа секторындағы қирандылар тұрғындар үшін кәдімгідей қиындық тудыруда. Кәріз жүйелерінің істен шығуынан қазір палестиналықтар ауыл шаруашылығына арналған жарамсыз суды ішуге мәжбүр. Соның салдарынан анклавта түрлі инфекциялық аурулар тарай бастаған. ДДСҰ мамандары лас судан полиомиелит вирусын да анықтады. Осыған байланысты аймақта бұл дертке қарсы екпе егу жұмыстары қолға алынды. Медициналық қызметтің бәрі ЮНИСЕФ пен ДДСҰ-ның қолдауымен іске асырылып жатыр. Себебі Газадағы 36 аурухананың тек 10-ы ғана жұмыс істейді. Әскери қақтығыс салдарынан дәрігерлер де азайып қалған. 400-ден астамы көз жұмғаны белгілі.

Әбу Мұхаммед, Газа секторының тұрғыны:

- Менің үйім артымдағы қоқыс үйіндісіне жақын орналасқан. Шамамен 100 метр жерде. Соның кесірінен зардап шегіп отырмыз. Қоқыстан аурулар тарап жатыр. балаларымыз бұрын-соңды болмаған ауруды жұқтыруда.

Бүгінгі таңда миллиондаған палестиналық гуманитарлық көмекке мұқтаж. Бірақ оларға көмек жеткізу жағы өте қиын болып отыр. Палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы агенттігі жарты жыл бұрын жұмысын тоқтатты. Израиль бұл ұйымның қызметкерлерін ХАМАС тобымен байланысы бар деп айыптағаннан кейін ұйымға қаржылық қолдау көрсету тоқтатылған болатын. Қазіргі уақытта тек Мысыр, БАӘ, АҚШ және ЕО елдері палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуде. Десе де, Израиль бұл көмектің 83%-ін өткізбей, Газадағы дағдарысты одан әрі ушықтыруда. Осыған байланысты бірқатар мемлекет анклавтағы атысты тоқтатып, жергілікті тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті көптеп жеткізуге шақырды.

Рик Бреннан, ДДСҰ өкілі:

- Біздің есебіміз бойынша Газадағы халықтың 95%-тен астамы ішерге ас таппай отыр. Соның салдарынан палестиналықтар жаппай көз жұмып жатыр. Олардың арасында балалар көп.

Бір жыл өтсе де, әзірге тараптар арасындағы қақтығысты тоқтату мүмкін болмай тұр. Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасында бітімгершілік келіссөздер бірнеше рет ұйымдастырылды. Бірақ бір рет қана атысты уақытша тоқтату келісім орнады. Оның өзінде бір аптаға ғана.