Люксембургте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
«Kazakh Invest» өкілдері мен дипломаттар еліміздегі бизнес ахуал мен көлік-логистикалық әлеуеті туралы айтып берді.
Транспорт, химия, медицина және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер "Астана" қаржы орталығының және IT-стартаптар технопаркінің жобаларына қатысуға ниет білдіріп отыр. Ал, Қазақстан үшін Люксембургтің қаржы және инновация саласындағы тәжірибесі маңызды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін форумдар өткізіп, жиі кездесіп тұруға келісті.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгия және Люксембургтегі елшісі, ҚР ЕО және НАТО жанындағы миссиясының басшысы:
- Біз былтыр тауар айналымын 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге арттырдық. Сондықтан даму бар. Еліміздің инвестициялық және бизнес мүмкіндіктері туралы көбірек білсе дейміз, олардың да үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқадық. Люксембург шағын ғана ел болғанымен, капиталы жоғары және осында көптеген инновациялық шешімдер қабылданған.
Эндрю Хадсон, кәсіпкер:
- Егер кең ауқымда алып қарасақ, Қазақстанда тұрақтылық пен экономикалық даму бар. Бұл еуропалық компаниялар үшін маңызды екенін атап айтқым келеді. Сіздің ел шет ел капиталын көбірек тартуға кұш салуда, сондықтан ашық әрі тұрақты нарық ұсынып отыр. Сонымен бірге шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған.