Қытайда қатты дауыл соқты

Қытайда "Кратон" деп аталатын жойқын теңіз дауылы соқты.

Жүздеген әуе рейсі кейінге шегерілді. Темір және автожолдарда қозғалыс шектелді. Әуежайлар мен вокзалдар жолаушыларға лық толды. Елде 200 мыңнан астам тұрғын үй жарықсыз қалды.

Теңізден келген дауыл Тайвань өңіріндегі Гаосюн қаласын жайпап өтті.Ұлттық метеорологиялық орталықтың мәліметіне сай жойқын тайфунның екпіні сағатына 126 шақырым болған. Нөсер жауын жауып, мыңдаған ағаш пен бағандар құлап электр желісі үзілді. Салдарынан 300 мыңға жуық тұрғын үй жарықсыз қалды.

Лян Чжэньхун, Гаосюн қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Жарақат алғандар көп. Тайфун кезінде 123 адам ауруханаға жеткізілді. Науқастардың дені қол-аяқ  және бастан жараланған. Қан көп жоғалтқан науқастар да бар. Олар дәрігерлердің жіті бақылауында.

Табиғи апат кезінде екі адам көз жұмды. Тағы бірнеше адам із-түссізжоғалған. Қоғамдық көлік қозғалысы қиындады. 211 әуе рейсі тоқтады.Таулы аймақтарда жеті жерде сел жүріп жолдарды лай басып қалды. 14 бағыт бойынша күре жолдар  жабылды.

Лу Минь, Гаосюн қаласы ТЖД директорының орынбасары:

- Қатты соққан жел мен нөсер салдарынан электр желілері үзілді. 210 мың шаруа қожалық және 84 мың тұрғын үй жарықтан ажыраған. Кейбір елді-мекендерде байланыс жоқ. Қаладағы қираған ағаштарды тазарту шаралары ішінара басталды.

Метеорологиялық қызметтің мәліметінше тайфун елдің солтүстік шығысына қарай жылжып барады. Жергілікті провинциялар алдын ала ескерту жариялап сақтық шараларына кірісті.

 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы