Қазақстан мен Францияның өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы артады
Қазақстан мен Францияның ынтымақтастығы өнәркәсіп саласында күшейіп келеді.
Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың Парижге жасаған жұмыс сапары кезінде бірлескен Қазақ-Француз жобалары мен жаңа бағыттар талқыланды.
Франция – Қазақстан үшін басты серіктес және ірі инвестордың бірі. Бір ғана өнеркәсіп саласы бойынша елімізде жалпы құны жарты миллиард долларға жететін 8 бірлескен жоба бар. Оларда 2 мыңға жуық отандасымыз еңбек етеді. «Альстом» компаниясы 15 жыл жемісті жұмыс істеп, электровоздар өндірісін жолға қойды.
Эндрю Делеоне, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс Және Орталық Азия бойынша президенті:
- Біз Қазақстан бойынша өнеркәсіптік сервистік орталықтар құратын инвестициялық келісімге қол қойдық. Бұл тағы 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Алдағы 5 жылда Қазақстанға 100 млн еуро қаржы құюды жоспарлап отырмыз.
Әртүрлі француз компанияларымен бірнеше кездесу өтті. Бұл жолы су ресурстарын басқару ерекше назарда.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Мысалы, француз компанияларының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тәжірибесі көп. Бүгін тағы біраз кездесу өткіземіз. Су менеджментімен айналысатын компания бар. Ол Парижде сумен жабдықтау саласына жауапты. Қазір сол компаниямен ынтымақтастық жасау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бізге бірінші кезекте Қазақстанға әкелетін тәжірибесі мен инвестициялары қызы.
Экономикалық ынтымақтастықтың келешегі Францияның Сыртқы істер министрлігіндегі кездесуде де талқыланды. Қазақстан - Францияның Орталық Азиядағы жалғыз стратегиялық серіктесі. Ресми Париж біздің елге жалпы еуропалық нарыққа шығуға көмектесуге әзір.
Софи Прима, Францияның Сыртқы сауда бойынша министр-делегаты:
- Министр мырзамен экономиканың жаңа салалары, жаңа кәсіпорындары арқылы ынтымақтастықты нығайту барысын талқыладық. Атом энергетикасы туралы пікір алмастық. Қазіргі бар келісім-шарттарды кеңейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, қалаларды дамыту, су ресурстарын басқару сияқты жаңа салалардағы серіктестікке тоқталдық.
Стратегиялық минералдар мен металдар бойынша маңызды кездесу өтті. Францияда ұшақ жасау ісінде қазақстандық титан бұрыннан қолданылып келеді. Енді шикізат тұтыну аясын кеңейту қажет. Қазақстан Еуропалық шикізат альянсының тізіміндегі заттардың жартысынан астамын өндіреді және қайта өңдейді.
Бенжаман Гальзо, Францияның Стратегиялық минералдар және металдар жеткізу бойынша мекемеаралық өкілі:
- Қазақстан біз үшін өте маңызды серіктес. Мұның үш себебі бар. Біріншіден, Қазақстан мен Франция арасында сенімді байланыс орнаған. Екіншіден, Қазақстанның геологиялық қоры өте орасан. Үшіншіден, Қазақстанда барлық қажетті құзырет бар.
Қазақстан мен Франция қарым-қатынасы қос президенттің елдер арасында жасаған сапарларынан кейін тіптен нығая түскен. Министрлік делегацияның кездесу кестелері өте тығыз. Осыдан-ақ француз компанияларының Қазақстан нарығына деген үлкен қызығушылығын байқауға болады.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан