15 қазан – Ауыл әйелдерінің халықаралық күні
Бүгін Біріккен Ұлттар ұйымы ауыл әйелдерінің халықаралық күнін атап өтіп жатыр.
Аталған ұйымның мәліметі бойынша бүгінде әлемде нәзік жандылардың 30% ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Бірақ көбінің құқығы әлі күнге дейін сақталмай келеді.
Бүгін – Ауыл әйелдерінің халықаралық күні. Атаулы күн 2008 жылдан бері әлемнің көптеген елінде аталып өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған бұл мерекенің басты мақсаты – ауылдық жерлердегі нәзік жандардың жағдайын жақсарту.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Ауыл әйелдері – ұрпақтан ұрпаққа берілетін білім мен дәстүрдің сақтаушылары. Олар қоршаған ортаға зиян келтірмей шаруашылықпен қалай айналысуға болатынын біледі. Дағдарысқа қарсы алғашқылардың бірі болып әрекет етеді. Жалпы ауыл әйелдері – ғаламдық прогрестің қозғаушы күші.
Бұл күн ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен байланысты мәселелерді шешуге арналған. Мәселен, дамушы елдерде өндірілетін азық-түліктің 80% нәзік жандардың үлесінде. Бірақ көп жағдайда олардың еңбегі құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Қолдау да таппайды. Жер, несие мен технология секілді ресурстар оларға қолжетімсіз. Айта кетейік, биыл аталған мерекеге орай, климаттың өзгеруімен күрес, биоалуандылықты сақтау, гендерлік теңдік пен құқықты кеңейту мәселелері көтерілді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Климаттың өзгеруі теңсіздікті күшейтеді. Соның салдарынан ауылдағы қыз-келіншектердің жағдайы одан сайын қиындай түседі. 2006–2016 жылдар аралығында климаттың өзгеруімен байланысты апаттардан келген шығынның төрттен бірі дамушы елдердегі ауыл шаруашылығы секторының үлесінде болды. Дәл осындай апаттардан ең бірінші әйелдер қауымы зардап шегіп жатады.
БҰҰ өкілдерінің пікірінше, егер әйелдер өндірістік ресурстарға ерлермен тең дәрежеде қол жеткізе алса, әлемдегі аш құрсақ жүрген адамдар саны 17%-ға, яғни 150 млн адамға азаяр еді. Сондықтан аталған ұйым және оның серіктестері ауыл әйелдерінің мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге үндейді. Атап айтқанда, оларды қолдау және экономикалық өмірге интеграциялау бағдарламаларын әзірлеу, ресурстарға, білімге, медицинаға және құқықтық қорғауға қолжетімділікті кеңейтуге шақырады. «Мұның бәрі тұрақты дамуға, кедейлікті азайтып, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге серпін береді», – дейді мамандар.