Париждегі «болашақ баспанасы»

Француз дизайнерлері көпшілікке «болашақ баспанасын» көрсетті.

Бірақ ол көбі ойлағандай, соңғы үлгідегі техника немесе заманауи құрылғылармен жабдықталмаған.

Мұнда ыдыс жуатын машина жоқ. Тіпті тамақ пісіруге арналған газ плитасы да қарастырылмаған. Сонда «болашақ баспанасы» қандай болады?

Мынау Париж іргесінде орналасқан пәтер. Ауданы небәрі 26 шаршы метр. Бірақ бұл жайлы өмір сүру үшін жеткілікті дейді дизайнер Каролин Пульц. Оның сөзін инженер болып жұмыс істейтін күйеуі де қолдап отыр. Мұнда газ плитасы жоқ.Тамақ,,, пәтердің шатырында орналасқан күн панельдерінен келетін электр энергиясын пайдалану арқылы дайындалады. Ал жуынғаннан қалған су өсімдіктерді суару үшін жұмсалады. Сол өсімдіктер кейін асқа пайдаланылады. Ерлі-зайыптылар тәулігіне 30 литр ғана су  тұтынады. Салыстыру үшін айтсақ, Францияның әрбір тұрғыны орта есеппен 149 литр су жұмсайды екен.

Корентен де Шательперрон, инженер:

"Мына пәтердегінің бәрін өз ыңғайымызға қарай өзгерттік. Мыналарды "болашақтың қазандары" деп атаймыз. Астындағысы қыздыру элементтері. Олар күн панельдеріне жалғанған. Дәстүрлі әдіспен тамақ әзірлеуге қарағанда, былай электр энергиясы 10 есеге дейін үнемделеді. Бізде пәтерді желдету жүйесі де қарастырылған. Сонда ешқандай кондицинерсіз-ақ өмір сүруге болады."

Бұл әзірге тәжірибе ғана. Мұндағы мақсат - көмірқышқыл газы мен тұтынатын су мөлшерін азайту. Осылайша зерттеушілер технологияларды мейлінше аз қолдану кезінде өмірдің қаншалықты жайлы болатынын тексеріп көрмек. Ондай идея бекер туындаған жоқ. 

БҰҰ белгілеген межеге дейін азайту мүмкін бе, жоқ па, осы жағына алаңдаулы. Тәжірибеге қатыстып жатқан ерлі-зайыптылар бұл жерге жазда көшіп келген. Енді мұнда қарашаға дейін тұрады. 

Корентен де Шательперрон, инженер:

"Тәжірибе ойдағыдай өтсе, 2040-жылға таман мұндай пәтерлер қолданысқа берілуі мүмкін. Бізде өсімдіктерді суару жүйесі автоматтандырылған. Бірде бір компанияда мұндай жүйе жоқ. Өндірушілер осы жағын ойластырса екен."

Жуынатын бөлмеде ылғалдылық жоғары болғандықтан, мұнда  саңырауқұлақтар өседі. Отбасы аптасына бір жарым келі саңырауқұлақ жинайды. Тамақ қалдықтарын жәндіктер жейді. Олар кейіннен тыңайтқышқа айналады. Ерлі-зайыптылар тәжірибе ретінде шегіртке өсіріп және оларды тамаққа тұтынуда. 

Каролин Пульц, дизайнер:

"Шегірткенің дыбысын естіп тұрған боларсыздар. Үйімізде жәндіктер өсіретін ферма бар. Тәжірибе барысын түрлі саланың  мамандары бақылап отыр. Арасында диетологтар да бар. Олар қалай тамақтану керектігін айтып отырады. Мысалы, бізге В12 дәрумені керек деді. Сол үшін шегірткелерді өсіріп жейтін болдық. Олардың дәмі асшаяндікіне ұқсас. Үстіне карри дәмдеуішін сепсе, тіптен дәмді болады."

Бұған дейін осындай тәжірибе былтыр Мексикадағы шөл далада жүргізілген. Енді зерттеушілер Еуропаның халық көп шоғырланған қаласындағы ахуалды бақыламақ. Алдағы уақытта мұндай тәжірибелерге мыңнан аса отбасы қатысады деп күтілуде. 

Жулдыз Атагельдиева