Америкалық сарапшы: Харрис пен Трамптың экологиялық ұстанымдары әртүрлі

АҚШ-та президенттікке үміткер Камала Харрис пен Дональд Трамптың экологиялық мәселелермен күресуге қатысты көзқарастары әртүрлі.

Екі кандидаттың ұстанымдарын зерттеген Халықаралық салық және инвестициялық орталық сарапшысы Уэслей Хил осылай дейді. Оның пікірінше, Харрис қоршаған ортаны қорғауға мол қаржы бөлуді көздесе, Трамп бұған құлықсыз. Ал америкалық үкіметтік емес ұйымның талдауы бойынша АҚШ алдағы 10 жылда климаттық технологиялар мен таза энергияға 500 млрд доллардан астам қаржы жұмсауы мүмкін. Себебі климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның ластануы елде ең өзекті мәселенің біріне айналған. 

Уэслей Хил, Халықаралық салық және инвестициялық орталық сарапшысы:

- Қазір кандидаттардың жаһандық экологияға қатысты көзқарастары әртүрлі. Олардың ұстанымы АҚШ-пен бірге әлем елдеріндегі, оның ішінде Орталық Азиядағы экологиялық мәселелермен күресуге ықпал ететіні анық. Камала Харрис пен демократтар бұл істе көбірек қаржы бөлуге назар аударары сөзсіз. Ал Трамп болса бұл мәселеге қыруар қаражат бөлуге ынталы емес дер едім. Бұл екі саясаткердің климаттың өзгеруімен күресу әдісі бойынша да айырмашылық көп.