ХАМАС көшбасшысы болған Яхья Синвар деген кім?

Яхья Синвардың өлімі ХАМАС үшін ауыр соққы болды. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, кейінгі бір жылда ол бар билікті өз қолына шоғырландыра алған көшбасшы болған. Сонымен Синвар деген кім? Ол Израильге қаншалықты қауіп төндірді?

Яхья Синвар – Исмаил Ханияның өлімінен кейін ХАМАС қозғалысының жаңа жетекшісі болып тағайындалды. Ұйымның әскери құрылымының негізін қалаушысы ретінде танымал. Ол 1962 жылы Газа секторындағы босқындар лагерінде дүниеге келген. Ұзақ уақыт бойы ХАМАС-тың ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарды. 1988 жылы кісі өлтіргені және де басқа да қылмыстары үшін Израиль оны қамауға алып, 22 жыл түрмеге жапты. 2011 жылы Израильдің бір сарбазына айырбасталған мың палестиналық тұтқынның бірі. Былтыр 7 қазанда Израильге қарсы ұйымдастырылған ауқымды операцияның жетекшісі саналады. Сол кезде 1200 адам қаза тапты. 250-ге жуық адам тұтқынға алынып, Газа секторына күштеп көшірілді. Осыған байланысты биыл Израильдің барлау қызметі оның нақты қайда екенін анықтау бойынша тиісті шараларды қолға алды. Операция барысында ХАМАС-тың жерасты туннельдері тексерілген. Батыс дереккөздері Синварды бұрынғы ХАМАС басшыларына қарағанда әлдеқайда радикал тұлға деп есептейді.