Нигерияда есту қабілеті төмен жандар IT саласының негіздерін меңгереді
Нигерияда есту қабілеті шектелген адамдардың өмірін түбегейлі өзгертетін жаңа бағдарлама жасалды, деп хабарлайды 24kz.
Енді құлағының мүкісі бар жандар IT саласының негіздерін меңгеріп, қабілеттерін толығымен іске асыру мүмкіндігіне ие болады.
Динара Орынтай, тілшіҮ
- Виктор Ориха – Абуджа қаласында орналасқан «Deaf in Tech» лабораториясының үздік оқытушысы. Python бағдарламалау тілін терең меңгерген ол бар білгенін шәкірттерімен бөлісуге әрқашан дайын. Виктордың ынтымақтастыққа негізделген дәрістері студенттердің бағдарламалауға деген қызығушылығын оятып қана қоймай, шығармашылық әлеуетін ашуға да зор мүмкіндік береді.
Виктор Ориха, «Deaf in Tech» дайындық мектебінің оқытушысы:
- Бастапқыда Python тілін үйрену біраз қиындық тудыратыны рас. Алайда, мүмкіндігі шектеулі студенттерім бұл саланы ынта-ықыласпен меңгеріп жүр. Бұл – әр ұстаз үшін үлкен мәртебе. Студенттерімнің жетістіктері мені шын мәнінде шабыттандырады.
Нигерияда 25,5 млн мүмкіндігі шектеулі адам болса, олардың 9,5 млн-ы – есту қабілеті төмен. Жаңа жоба тек техникалық дағдыларды меңгеруге ғана емес, сондай-ақ инклюзивті орта қалыптастыруға да бағытталған.
Буба Лавиза Иса, студент:
- Менің басты мотивациям – технологиялар саласындағы білімімді жетілдіру. Алған білімді келешекте алдыма қойған арман-мақсаттарымды жүзеге асыру үшін қолдануға ниеттімін. Жоба туралы алғаш естігенде болашаққа деген үмітім оянып, сенімім артты.
«Deaf-in-Tech» жобасы 1000-нан астам адамға білім беріп, олардың кәсіби әлеуетін дамытуға ықпал еткен. Нәтижесінде студенттер өздерін үлкен бастаманың бір бөлігі ретінде сезінеді. Бұл олардың ертеңге деген сенімін күшейтіп, үйренсем-білсем деген ынтасын арттырады.
Авторы: Динара Орынтай