24 қазан – БҰҰ күні

24 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымы күні. Бұл күн әлемде 1948 жылдан бері аталып өтеді. Қазақстан халықаралық ұйымға мүшелікке 1992 жылдың 2 наурызында қабылданды. Сол күннен бастап еліміз байыпты бастамаларын БҰҰ-ның жоғары мінберінен айтып, әлемдік қоғамдастықтың қолдауына ие болды. Ұйымның әлемдік аренадағы маңызы қандай? Оған қабылданған Қазақстан қандай мүмкіндіктерге қол жеткізді?

Сенім мен бейбітшіліктің бүкіләлемдік мінбері

Біріккен Ұлттар Ұйымы – КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания сияқты алпауыт елдердің белсенділігімен құрылған баламасыз халықаралық ұйым. Бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан. 192 мемлекет мүшелік етеді. Декларациясы Сан-Францискода 1945 жылы қабылданды. Халықаралық құрылым жер шарында тыныштық орнатып, бейбітшілікті сақтауды мақсат тұтады. Осы миссиямен жылдар бойы қырғиқабақ елдер арасындағы кикілжіңді бейбіт жолмен шешуде маңызды рөл атқарып келеді. БҰҰ Кейінгі 75 жыл ішінде Камбоджа, Сальвадор, Мозамбик, Гаити және Намибиядағы қақтығыстарды тоқтатуға күш салды. Гуманитарлық көмек көрсету бойынша кешенді операцияларды жүзеге асырды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- 1945 жылдан бері ұйым шиеленісті жеңілдетіп, кедейлікті жоюға, халықтың ең осал топтарын қорғауға, экономикалық қиындықтар мен климаттық апаттар жағдайында өмір сүретін адамдарға көмек көрсетуге, әйелдер үшін әділеттіліктің орнауына қатысты шаралар қабылдап, үлкен күш салды.  Қыркүйек айында Бас ассамблея Болашақ үшін пакті, Жаһандық цифрлық шарт пен Болашақ ұрпақ туралы декларация қабылдады. Бұл маңызды келісімдер айналамызда болып жатқан қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

Қазақстан ұйымға мүше болған 32 жыл ішінде құрылымның тұрақтылық пен қауіпсіздік бағытындағы стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруға күш салып келеді. Еліміз ядролық қарудан бас тарту, Азияда өзара сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер диалогын шақыру мәселелері бойынша ұйымның міндетін мүлтіксіз орындап, сенім үдесінен шыға білді. Сондай-ақ бітімгершілік қызметі мен оның әлеуетін нығайту шараларына қолдау көрсетті. Осы бағытта белсенді қызмет атқарғанның бірден-бір дәлелі – Қазақстан бітімгерлік батальонының құрылуы. 

Микаэла Фриберг, ҚР БҰҰ 2020-2024 жылдардағы үйлестірушісі:

- Қазақстан кейінгі 33 жылда кедейлікті қысқартуда үлкен прогреске қол жеткізді. 2001 жылы халықтың шамамен 46%-і кедейлікте өмір сүрді. Қазір көрсеткіш 5,2% құрайды. Бұл – аз уақытта қол жеткізген мардымды нәтиже.

 

БҰҰ Қазақстанның сенімді серіктесіне айналды

Кейінгі жылдары БҰҰ-ның Қазақстанмен қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Қазір Астана мен Алматыда ұйымның өкілдіктері жұмыс істейді. Әртүрлі сала бойынша тұрақты 20 агенттігі бар. Олар макроэкономикалық реформа, гендерлік теңдік пен денсаулық сақтау, қоршаған ортаны басқару бағытындағы стратегиялық бағдарламаларды іске асыруға мұрындық болды. Қазір халықаралық құрылым бейбіт әрі дамыған қоғам құру жолында Қазақстанның негізгі серіктесіне айналды.

Катаржина Вавьерниа, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің м.а.:

- Қазақстан әлемде бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолында жарқын рөл атқарып отыр. Жаһандық сын-қатерге қатысты ұстанымы ерекше мәнге ие. Халықаралық аренадағы бұл елдің орны көпжақты ынтымақтастыққа деген терең адалдығымен, БҰҰ-ның бағдарламаларына белсенді қатысуымен және бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ерекше күш-жігерімен ерекшеленеді. Орта держава ретінде Қазақстан тұрақты және серіктестік қарым-қатынасты дамытуға ниетті. Елдің бұл бағыттағы қызметі болашақ ұрпақ үшін жарқын әлем қалыптастыруға ықпал етеді.

 

БҰҰ: 2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы

Қазақстан қайырымдылық шаралары мен игілікті істердің әркез бастамашысы болып жүр. Жаһандық еріктілер қозғалысында да еліміз басым рөлге ие. Қазір қазақстандық жастар әлемнің түкпір-түкпіріндегі БҰҰ құрылымдарында ерікті қызмет атқарып жатыр. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мінберінен «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялау туралы ұсынысы Бас ассамблея тарапынан қолдау тауып, 2026 жылды Еріктілер жылы деген қарар қабылданды.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Динара Орынтай.