АҚШ-та түркі елдерінің дәстүрлі фестивалі өтті

АҚШ астанасы Вашингтонда Түркі елдерінің дәстүрлі фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ. 2003 жылдан бері ұйымдастырылатын жиында түбі бір түркі жұртының ұлттық киімі, өнері һәм мәдениеті насихатталады. Биылғы шараға бауырлас қазақ, түрік, өзбек, және қырғыз елдерінің өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын аталмыш фестивальді көруге 20 мыңға жуық адам келеді. Биылғы шараға келген қонақтардың бірі – АҚШ-та туып-өскен түрік ұлтының өкілі Каражан. Оның айтуынша, ниеті ортақ, тілегі бір бауырлас халықтардың арасында ынтымақтастықты арттыру аса маңызды.

Каражан Қая, Вашингтон тұрғыны:

- Мен Қазақстанда болмасам да, алдағы уақытта сіздерге барып, бауырларымызбен көріскім келеді. Мен қазақ халқының көшпенділер екенін, дала заңын қатты құрметтейтінін білемін. Біз көп нәрсе біріктіреді. Түбіміз бір. Шынымды айтсам, мен Головкинді көріп өстім және Шавкат Рахмонов пен GGG – менің ең жақсы көретін споршыларым. Желтоқсанда Шавкат АҚШ-та төбелеседі және мен сол кеште Қазақстанның туын көтеріп, Шавкатқа жақтасамын.