Президенттік сайлау АҚШ қоғамына қандай өзгерістер алып келуі мүмкін?

АҚШ-тағы сайлау науқаны төрткүл дүние көз тіккен басты саяси дода. Жалпы бұл – ел тарихындағы алпысыншы сайлау.

Президенттікке Демократиялық партиядан Камала Харрис, ал Республикашылар партиясынан Дональд Трамп сайлауға түсті. Енді бұл саяси дода АҚШ қоғамына қандай өзгерістер алып келуі мүмкін? Үміткерлер халыққа қандай уәде беріп отыр?

Ақ үй тағына басты үміткер АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден болатын. Алайда ол өзінің кандидатурасын вице-президент Камала Харриске берді. Өз кезегінде Харрис ұсынысты қабыл алып, АҚШ қоғамын жақсарту үшін барын салатынын айтты. Әсіресе, кедей отбасында өскен балалардың тұрмысын бірқалыпқа келтіру, тұрғындарға медициналық қызметті қолжетімді ету, отбасылық жағдайға байланысты бөлінетін еңбек демалысының мөлшерін көбейту сияқты әлеуметтік мәселелерге ден қоятынын жеткізді. Жалпы 59 жастағы саясаткер мансабын прокурор қызметінен бастаған. Қазір АҚШ-тың ең ықпалды тұлғаларының біріне айналған. Егер Камала Харрис президент болып сайланса, АҚШ тарихындағы алғашқы қара нәсілді әйел болмақ.

Ал, Харристің басты қарсыласы – Республикалық партияның өкілі, әлемге танымал Дональд Трамп. Ол АҚШ-ты 2017-2021 жылдары басқарған. Бірақ сарапшылар Трамп билік басында болғанда көптеген уәдесін орындамағанын айтады. Ал оның партияластары: «Саясаткер сол кезде демократтардың денсаулық сақтауға қатысты реформасын тоқтатпады және инфрақұрылымды дамыту үшін қаржы бөлем деген сертінде тұрмады», - деп әлі күнге дейін айыптайды. Бірақ бұған қарап жатқан Трамп жоқ. Ол осындай сын-пікірлерге қарамастан, осы жолғы додада өршіл саяси бағдарлама ұсынып отыр. Соның бірі – иммиграция мәселесі. Саясаткер: «Жеңіске жетсем Байден әкімшілігінің қазіргі шекараға қатысты ашық саясатын дереу тоқтатып, Америка тарихында ең ірі депортациялау операциясын жүргізем», - деп жар салып келеді.

Авторы: Фариза Жанғанаева