ЕО Израиль әскерінің әрекеттерін қатаң сынады

Еуроодақ Израиль әскерінің Ливандағы әрекеттерін қатаң сынға алып, айып тақты. 

Бұл туралы Барселонада өткен Жерорта теңізі одағына мүше 43 елдің форумында сөз сөйлеген Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель мәлімдеді. Мән-жайды  Еуропадағы меншікті тілшіміз айтып береді.

Жанат Эрнст, тілші:

- Бүгінде 2 миллион адам немесе Газа халқының 90 пайызы азық-түлік тапшылығын бастан кешуде. 150 мыңға жуық адам аш құрсақ жүр.  Бұл туралы Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррел Жерорта теңізі одағына мүше елдер форумында мәлімдеді. Израиль  өзінің  Ливандағы  әскери әрекетін Хезболла қозғалысының қауіп-қатерінен қорғану деп санайды.  Ал, ресми Брюссель Израиль армиясын БҰҰ-ның Ливандағы уақытша бітімгершілік күштерінің нысандарына шабуыл жасағаны үшін қатан айыптайды.

Жозеп Боррель, ЕО дипломатиясының басшысы:

-  БҰҰ-ның  Ливандағы уақытша күштеріне шабуылдар жасалып жатыр деп, бірақ оларды кім жасап жатқанын айтпау  шындықтың бір бөлігін жасыру. Шабуылдарды Израиль армиясы жасап отыр. Сондықтан нақты  Израиль армиясын айыптау керек.  Олар әрдайым  өз шабуылдарын ақтап әлек. Бірақ кез келген қақтығыс кезінде шығынды ескеру қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы айларда  аштықтың  зардабын тартатын  адамдар саны үш есеге артуы мүмкін деп ескертеді.

Сонымен қатар Жозеп Боррель «Газада кепілге алынған адамдар әлі де көп.  Олардың дереу босатылуын талап етуіміз керек. Бұл қадам атысты тоқтатуға себеп болады", - деді.

Айман Әл-Сафади, Иордания Сыртқы істер министрі:

- Халықаралық гуманитарлық құқық Еуропа үшін ауадай қажет. Сондықтан Еуропаның халықаралық құқықты жақтауы және оның бұзылуына жол бермеуі өте маңызды.

Израиль БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінің  палестиналық босқындарға көмек көрсету қызметіне тыйым салды. Испания мен Бельгияның Сыртқы істер министрліктері  Израильдің бұл әрекетін  қатаң сынға алды.

Жанат Эрнст, тілші:

- Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Одаққа мүше елдердің басшыларына израиль әскерилерінің  әрекетіне жауапты тұлғалар мен  Нетаньяху үкіметінің екі мүшесіне қарсы санкция салу туралы нақты ұсыныспен жүгінгенін айтты.  Еуропа елдерінің билігі бүгінде осы мәселені қарап жатыр.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов