Қытайлық өнертапқыштар қайта өңделген пластиктен кірпіш жасап шығарды

Қытайлық өнертапқыштар қайта өңделген пластиктен кірпіш жасап шығарды

Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу – ғаламдық мәселенің бірі. Әсіресе, пластик қалдықтарын кәдеге жарату ісі ақсап тұр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметі бойынша қазір пластик қалдықтардың көлемі 20 жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Алайда соның 9%-і ғана қайта өңделеді, деп хабарлайды 24kz.

Қытайлық өнертапқыштар құрылыста қолдануға болатын бірегей кірпіш жасап шықты.

Ол 100% қайта өңделген пластикалық қалдықтардан жасалған. Мамандардың айтуынша, жаңа өнім жоғары беріктігімен, жеңілдігімен және ұзақ қызмет ету мерзімімен ерекше. Өнертабыс көпшілік назарына жуырда Гуанчжоу қаласында өткен жыл сайынғы Кантон жәрмеңкесінде ұсынылды. Бұдан бөлек, қытайлық өнертапқыштар қабырғаларды әрлеуге арналған су өткізбейтін панельдерді де таныстырды. Олар да қайта өңделген қалдықтардан жасалған. Жәрмеңкеге келушілердің ерекше қызығушылығын тудырған тағы бір өнертабыс – балабақшалар мен спорт залдарының интерьерін сәндеуге арналған экологиялық кілем жабындысы болды. Жалпы көрші ел кейінгі кезде пластик қалдықтарын қайта өңдеу мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Ресми мәлімет бойынша 2011–2020 жылдар аралығында елде 170 млн тоннадан астам қалдық өңделген.

 

Боливияда экоқорғаушылар Уру-Уру көлін пластик қалдықтарынан тазартуда

Көркіне көз тоймайтын Уру-Уру көлі бүгінде қоқысқа толған. Боливияның басты туристік мекендерінің бірі қазір пластик қалдықтардан көрінбейді. Ескі бөтелкелер, пакеттер мен банкалар ондаған жылдар бойы су айдынында жинала берген. Осыған байланысты табиғат жанашырлары көлді қалпына келтіру үшін экологиялық акцияны қолға алған. Осы уақытқа дейін волонтерлер су түбінен шамамен 180 тонна қоқыс шығарыпты. Кейін бұл қалдықтар пластик өңдейтін зауыттарға жіберілген. Арнайы өңдеуден соң алынған түйіршектер  кейін басқа елдерге экспортталады. Шикізаттың тек шағын бөлігі ғана елдегі суару жүйесі құбырларын жасауға пайдаланылады.

 

Пасха аралының тұрғындары пластик қалдықты кәдеге жаратуды үйреніп алған

Ал Чили тұрғындары пластик қалдықтардың зардабын тартып отыр. Пасха аралында мұндай қалдықтар тау болып үйіліп қалған. «Олардың басым бөлігі мұхитқа лақтырылған қоқыс», - дейді азаматтар. Суда пластик ұсақ бөлшектерге ыдырап, микропластикке айналады. Ал ол өте қауіпті, себебі су және тағам арқылы адам мен жануарлардың ағзасына түсуі мүмкін. Жергілікті экологиялық қорғау ұйымдарының мәліметінше, микропластик теңіз әлемін айтарлықтай ластап үлгерген. Десе де, кейінгі кезде арал тұрғындары қалдықтарды кәдеге жаратуды кәдімгідей үйреніп алған. Жинап алған соң бір бөлігін жергілікті қайта өңдеу орталықтарына жеткізсе, қалғанын декоративті мүсіндер жасауға пайдаланады екен.