Қытайда темекіден тәулігіне 2700-ден астам адам көз жұмады
Қытайда шылымның зардабынан өлім-жітім көбейді.
Көрші елде жылда дәл осы жағдайдАн 1 миллионнан астам адам көз жұмады. Миллиондаған тұрғын түрлі созылмалы дертке душар болған. Статистика қытай қоғамын айтарлықтай алаңдатып отыр. Зиянды әдетпен күресуге мемлекет дәрменсіз. Оған бірнеше себеп бар.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Әлем бойынша тұтынылатын темекінің 43 пайызы Қытайға тиесілі. Тең жартысына сәл жетпейді. Шылым шегуге қарсы күрес қауымдастығының мәліметіне сай бұл елде 300 миллионнан астам адам темекі шегеді. Оның басым көпшілігі ер адамдар. Нақтырақ айтсақ 296 миллион. Ал енді соның ішінде 26 пайызы 15 жастағы жеткіншектер.
Темекіге қарсы күрес Қытайда ең өзекті мәселенің біріне айналған. Бүгінде зиянды әдеттен жапа шегетіндер артып келеді. Жылда шылымның кесірінен 1 миллионнан астам адам көз жұмады. Тағы 3 миллионнан астамы түрлі айықпас дертке шалдығады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес өкпе рак ауруымен ауыратын 10 адамның 9 осы шылымнан екенін анықтаған. Мәселен, 2023 жылы темекіден 1 миллион 33 мың 300 адам қайтыс болды. Бұл елдегі СПИД, туберкулез, өзіне қол салу немесе жол-көлік апатынан болатын өлім-жітімнен де көп. Тіпті бәрін бірге қосаң да шылымнан көз жұматындар саны басым.
Сюй Цзяхуа, Қытайдың темекіге қарсы күрес қауымдастығының қызметкері:
- Батыстағы елдерге қарағанда Қытайда темекі тартатын әйелдер әлдеқайда аз. Бірақ ер азаматтар өте көп. Әйелдер, әсіресе жастар сән ретінде қарап, ер азаматтармен тең боламыз деп ойлайды. Бірақ ол олай емес. Мұны көп жағдайда кеш түсініп жатады.
Осының бәрін біле тұра мемлекет түбегейлі тыйым сала алмай отыр. Тек шылым шегудің зияны туралы ақпараттандыру, темекі тартуды қоюға әрекеттенгендерге психологиялық кеңес беру сияқты әлеуметтік қолдау көрсетуден ары бара алмай отыр. Кейінгі жылдары қоғамда зиянды әдет белең алып бара жатқандықтан бірқатар шектеулер қойылған. Салық көтеріліп, ашық жарнамаға тыйым салынды. Ақпараттық насихаттау да күшейтілді. Алайда бәрі нәтижесіз. Бір сөзбен айтқанда Қытай билігі темекіге қатысты қатаң тыйым сала алмай отыр. Себеп, Қытай әлемдегі ең үлкен темекі өндіруші және ең көп тұтынушы ел болып саналады. Елде жылына 2 миллион 600 мың тоннадан астам темекі өндіріледі. Бір миллион фермер темекі өсірумен айналысады. Қазір темекі өндірісі Қытай үкіметінің ерекше назарында. Өндірісінен түсетін жылдық табыс 214 миллиард АҚШ доллардан асады. Ұлттық қазынаға түсетін салық та қомақты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Дей тұра, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай 2024 жылы елде шылым шегетіндер азайған. Бірақ ауыз толтырып айтатындай емес. Айта кету керек, шылым оны шеккен адамға ғана емес, қоршаған орта үшін де аса зиян. Бүкіл дүниежүзінде жыл сайын темекімен байланысты дерттен 8 миллион адам көз жұмады. Оның 70 пайызы өкпе аурларымен байланысты.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын