Испанияда тасқыннан қаза тапқандар саны 140-қа жетті
Испанияның Валенсия провинциясында болған алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 140-қа жетті. Жергілікті билік құрбандар саны әлі де артуы мүмкін екенін айтады. Қазір аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Десе де нақты қанша адамның хабар-ошарсыз кеткені әлі де белгісіз. Қорғаныс министрінің айтуынша, тазалау жұмыстары мен тірі қалған азаматтарды құтқаруға апат орнына мыңға жуық сарбаз, өрт сөндіруші мен полицей жұмылдырылған. Бұдан бөлек, ондаған техника мен тікұшақ тартылған. Ел билігі алапат апатқа байланысты үш күндік аза тұту жариялады.