ЮНИСЕФ: Ливанда Израиль шабуылынан күн сайын кемі бір бала қаза табады
2024 жылдың 4 қазанынан бері Израиль әскерінің шабуылдарынан Ливанда күн сайын кемі бір бала қаза болады. 10-ы жарақат алады.
Бұл туралы CNN ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кэтрин Расселге сілтеме жасай отырып хабарлады. Осыған байланысты аталған ұйым өкілі аймақтағы атысты дереу тоқтатып, тараптарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Жалпы ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, кәмелетке толмаған балалар арасында психологиялық соққы алғандар өте көп. Әсіресе, зейін қоюдың нашарлауы, ұйқының бұзылуы мен үрей жиі кездеседі екен. «Мұның бәрі келешекте балалардың өмірі мен денсаулығына кері әсер етеді», - дейді мамандар.
Айта кетейік, Ливан денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша өткен жылдың қазан айынан бері елде 166 бала қаза тауып, 1 мың 168-і жарақат алған.
Хадижа Мардини, босқын:
- Біз үйден таңертең ерте шығып, қаштық. Өзімізбен тек ең қажетті заттарды ғана алдық. 12 сағатта түнейтін жерімізге әрең жеттік. Кейін осы лагерьге келдік. Мұнда бізді жақсы қарсы алды. Дегенмен, үйімізді сағынамыз. Бәрі аяқталғанда қайта ораламыз деп үміттенеміз.
Save The Children: Шамамен 500 млн бала қақтығыс аймағында өмір сүруге мәжбүр
Save the Children халықаралық ұйымының дерегі бойынша бүгінгі таңда әлемдегі қақтығыс аймақтарында шамамен 500 млн бала өмір сүріп жатыр. Орташа есеппен күн сайын ондаған бала қаза тауып, жарақат алады. 2023 жылы кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 15%-ке өскен. Бұл – 2005 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. «Әсіресе, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Сомалиде және Газа секторында жағдай қиын», - дейді мамандар.