Ливаннан жарты миллионға жуық адам көшіп кетті
Қыркүйекте Израильдің Хезболла қозғалысына қарсы әскери операциясы басталғалы бері Ливаннан 470 мыңға жуық адам өзге елдерге босып кетті.
Оның ішінде 25 мың ливандық Иракқа ауған. Бұл туралы БҰҰ гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының Ливандағы өкілі хабарлады. Израильдің үздіксіз шабуылы салдарынан, 1 миллион 200 мыңнан астам адам тұрғылықты жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазір Ливанның оңтүстік аймақтарына Израиль жердегі операциясын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Биыл 23 қыркүйекте Израиль "Хезболла" қозғалысының әскери инфрақұрылымын жоюға бағытталған "Солтүстік Жебе"операциясын бастаған болатын. Ал 1 қазаннан бастап Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі шекаралас аудандарда құрлықтағы операциясын бастаған.