Сарапшылар: Сайлауда К.Харрис пен Д.Трамп тең түсуі мүмкін. LIVE

АҚШ-тың жаңа президенті кім болады? Кімнің жұлдызы оңынан туады? Әлемді ауызына қаратқан АҚШ-тағы сайлауға санаулы сағат қана қалды.

Қазіргі мәліметке қарағанда, Камала Харрис пен Дональд Трамп жинаған дауыстардың айырмашылығы аса көп емес. «Тіпті қос кандидаттың тең түсуі әбден мүмкін», - дейді сарапшылар.

Егер мұндай жағдай болса, АҚШ-тың 47-ші президентін қалай анықтайды? АҚШ-тағы сайлауалды атмосфера қандай?

Талғат Алманов, тілші:

- Сайлау алдындағы атмосфера ерекше және дауыс беруге үлкен жауапкершілікпен қарайтын америкалықтардың саяси белсенділігі жоғары. Осы уақытқа дейін, 75 млн-нан астам америкалық алдын ала дауыс беріп, өз таңдауын жасап үлгеріпті. Бұл 2020 жылы дауыс берген халықтың шамамен жартысын құрайды. Полстерлердің айтуынша, дауыс беріп жатқандардың басым бөлігі демократтар.

Енді сауалнамаларға тоқталайық. Соңғы деректерге сүйенсек, екі кандидаттың арасындағы айырмашылық айтарлықтай үлкен емес. Сайлаудың тағдырын шешетін 7 құбылмалы штаттың 4-еуінде Харрис алда келе жатыр. Олар – Пенсильвания, Невада, Висконсин, және Мичиган. Ал Трамп Солтүстік Каролина, Аризона және Джорджияда алда. Бірақ дауыс айырмашылығы бар болғаны 2-3% құрап отыр. Сол себепті халықтың дауысы кімге бұйыратынын нақты айту қиындау.

- 5 қарашада Харрис пен Трамп тең түссе не болады? Келесі президентті кім анықтайды?

Талғат Алманов, тілші:

- Ондай жағдайда «контингетті сайлау» өткізуге тура келеді. Бұл дегеніміз, АҚШ Конституциясына сәйкес Конгресс іске кірісіп, сайлаудың қорытындысын шығарады. Яғни, жаңадан сайланған Өкілдер палатасы электоралды алқадағы 3 кандидаттың арасынан келесі президентті, ал Сенат үздік екі кандидаттың арасынан келесі вице-президентті дауыс беру арқылы анықтайды. Әр штаттың атынан отырған делегаттарға бір-бір дауыстан беріледі. Президентті анықтау үшін 26 дауыс қажет. Бір қызығы, мұндай жағдай орын алса, президент бір партиядан, ал вице-президент екінші партиядан сайлануы мүмкін.

- Жалпы ондай сценарийдің болуы қаншалықты ықтимал? АҚШ тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болды ма?

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ тарихында мұндай кейс болды. 1800 жылы Томас Джефферсон мен Аарон Бёрр арасындағы дауыстардың қорытындысы тең болып, Конгрестің араласуына тура келді. Және биылғы сайлауда да мұндай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін, себебі дауыстардың айырмашылығы үлкен емес. Мысалы, егер Харрис Висконсин, Мичиган, Аризона және Невада штаттарында және Небраскадағы бір электоралдық дауысты жеңіп алып, бірақ Пенсильвания мен Джорджияда ұтылса, нәтиже 269-269 болады. Демек, ондай кезде контингентті сайлау өткізуге тура келеді. Ал егер Өкілдер палатасы 20 қаңтарға дейін, яғни, инаугурация күніне дейін президентті анықтай алмаса, Сенат таңдаған жаңа вице-президент уақытша президент болады. Ал егер Сенат 20 қаңтарға дейін вице-президентті таңдамаса, онда билікке уақытша Өкілдер палатасының спикері келеді. АҚШ-тағы қызықтың көкесі сондай болатын сияқты.