Әлемнің алып шаһарларында үйсіздер көбейді

Әлем халқының 56%-і қалада тұрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ке артуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Біріккен ұлттар ұйымы жасаған болжамға сенсек, жер бетінде қала тұрғындарының саны алдағы 26 жылда 6,3 млрд-қа жетеді. Ал ғасыр соңында бұл көрсеткіш тағы 3 млрд-қа көбеюі мүмкін. Яғни болашақта халықтың 80-90%-і қалада тұратын болады. Бұл көрсеткішке қарап, «қала өмірі сырттан қоныс аударушылардың бәріне бірдей жақсы жағдай жасауға әзір ме?» деген сұрақ туындайды.

Ауылдан қалаға көшіп келген соң алдымен жататын орын мен жайлы жұмыс болуы керек. Онсыз күн көру қиын. Күн сайын әлемде 180 мыңдай адам қалаға қоныс аударады. Бұлардың қатарында үйсіз-күйсіз сандалып, лашықта тұратындары бар. Кейінгі 50 жылда ірі қалалардағы лашықта тұратын тұрғын саны 35 млн-ға жеткен. Әсіресе Африка мен Оңтүстік Азияда. «Бұл көрсеткіш кейінгі 15-20 жылда екі есе артады», - деп болжайды сарапшылар. Өйткені қазір әлемде мигрант саны артып барады. Әрі қала тұрғындарының қатары көбейген сайын инфрақұрылымды дамыту кешеуілдей береді. Әсіресе дамушы елдерде кәріз жүйелері мен сапасыз жолдарда олқылық көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, қалаларда бір ғана тас жолдардың үгітілуінен жыл сайын 500 мың адам көз жұмады. 15 миллионға жуығы ауыр жарақат алады.

 

Әлем бойынша урбандалу үдерісі қарқын алды

Бүгінде урбанизация деңгейі ең жоғары елдер – Гонконг, Сингапур, Кувейт, Монако және Науру. Сондай-ақ урбандалу көрсеткіші бойынша Қатар халқының 99,2%-і, Бельгияның 98%-і, Сан-Мариноның 97,4%-і, Уругвайдың 95,4%-і, Мальта халқының 94,7%-і - қалалық. Бұл тізімде Қытай 60,3% көрсеткішпен 97-орында болса, Қазақстан 104-орынға табан тірейді. Біздің елде халықтың 57,7%-і қалада тұрады.

 

Жапония тұрғындарды қаладан ауылға көшіріп жатыр

Ауылда тұратындар азайып барады. Бұл ретте әлемнің көптеген елі енді қаладағыларды ауылға көшіруге әрекет жасап жатыр. Мәселен, Токио – әлемдегі ең көп адам қоныстанған қала. Халық саны 37 млн-нан асады. Жапония үкіметі қазір ауылдарды жандандыру мақсатында Токиодан көшу үшін отбасындағы әр балаға 1 миллион иеннен төлейді. Бұл біздің теңгеге шаққанда 3 млн-дай. Осы ақшаны алу үшін олар жаңа үйлерінде кемінде бес жыл тұруы керек, ал отбасы мүшелерінің бірінде тұрақты жұмысы немесе бизнес бастауға нақты жоспары болуы керек. Бағдарлама 2019 жылы басталған. Ал 2021 жылы 2381 адам қаладан ауылға көшкен.

Қытай сынды алпауыт мемлекеттерде ауыл халқына «Жасыл белдеу» деген арнайы бағдарлама бар. Онда ауылдан көшіп келгендерге, алып шаһардың маңындағы елді мекендерден үй салып береді және шағын шаруашылық пен егін салуға жеңілдетілген несие береді. Сондай-ақ АҚШ-та арнайы гранттар қарастырылған.

Авторы: Фариза Жанғанаева