5 қараша – Дүниежүзілік цунами мәселесі туралы ақпарат тарату күні

Мұхиттан шалғай жатсақ та, цунами қаупі төніп тұрмаса да, бұл табиғи құбылыс бойға үрей билетеді. Адамзат тарихындағы алапат цунамилер мыңдаған адамның өмірін қиып, орны толмас қайғы әкелген. Статистикаға сүйенсек, кейінгі 100 жылда табиғи апат 58 рет болып, 300 мыңға тарта адам опат болған. 

Әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттап жатырмыз. Шетелде демалған жақсы, әрине. Дегенмен баратын елдің ауа райы мен басқа да жағдайларын ескерген жөн. Соның бірі – цунами.

Цунами – жер сілкінуден кейін болатын сұрапыл толқын

Цунами, жапонша «тсунами», мұхит түбіндегі жер сілкінуден пайда болатын сұрапыл толқын. Биіктігі ашық мұхитта 1 метрден аспайды, ал құрлықтағы тар шығанақтарда 50 метрге дейін барады. Толқынының таралу жылдамдығы сағатына 400-800 шақырымға дейін жетеді. Цунами негізінен Тынық мұхит жағалауында, Ресейдің қиыр шығысында, Жапонияда, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Оңтүстік Америкада жиі болады. ХХ ғасырдың 40-50-жылдарында АҚШ-та, Жапонияда және КСРО-да халықты алдын ала сақтандыратын цунами қызметі құрылды. Болжам цунами толқынының жер сілкіну эпицентрінен таралу жылдамдығын есепке алуға негізделген.

Сондай-ақ Халықаралық ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт ұйымының цунамидің алдын алу туралы келісіміне 20 елдегі 21 ескерту орталығы қол қойған.

Оның ішінде жағалауға жағын орналасқан Австралия, Франция, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Португалия, Испания, Түркия, АҚШ сынды елдер бар.

 

Цунами туралы алдын ала ескерту туралы құжатқа қол қойған елдер:

Австралия, Чили, Франция, Грекия, Гондурас, Индонезия, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Мадагаскар, Малайзия, Мьянма, Филиппин, Португалия, Ресей, Испания, Таиланд, Түркия, АҚШ, Венесуэла.

 

XXI ғасырдағы ең алапат цунами апаттары

XXI ғасырдағы ең ірі цунамидің бірі Үнді мұхитында болды. 9,1-9,3 балл арасында болған жер сілкінісінің арты мұхит суын көтеріп жіберді. Оңтүстік-шығыс Азиядағы, Индонезия, Үндістан, Таиландқа жеткен толқын суы 15 метрге дейін көтерілген. Судың ағу жылдамдығы – сағатына 720 шақырым. Деректерде табиғи апат құрбандарының саны 225-300 мың деп жазылған. Дегенмен адам шығыны одан да көп болуы мүмкін. 5 миллионға жуық адам тұрғын көмекке мұқтаж болды. Цунамидің күшті болғаны сонша, 7 мың шақырым қашықтықта орналасқан Оңтүстік Африка да жер сілкінісі сезілген.

6 жыл бұрын Индонезияның Сулавеси аралының тұрғындары әлемдегі ең ірі цунамидің бірін бастан өткерді. Мұның себебі – магнитудасы Рихтер шкаласы бойынша 7,5-ке дейін жеткен жерасты дүмпулері. Жер сілкінісі Палу қаласына соққан толқындарды екі метрге дейін көтерген. Тасқын судың арты селге ұласып, табиғи апаттан 10 мыңнан астам зардап шегіп, 4340 адам опат болған.

2011 жылдың наурызында 9 балдық жойқын жер сілкінісің әсерінен Жапонияның солтүстік-шығыс жағалуында тарихтағы аса ірі табиғи апат орын алды. Мияко аралындағы судың толқыны 40 метрге дейін жеткен. Аномальды толқындар аралдағы мемлекеттерді шайып кеткен. Ресми дерекке сүйенсек, 16 мың адам қаза тауып, 2,5 мың адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Цунамидің жойқындығы сонша, жапондықтарға тағы бір апат әкелді. Ең ірі Фукусима-1 атом электр стансысы да апатқа ұшыраған болатын.

«2004 жыл ең ауыр, апатты жыл болды. Адамзат апатқа алдын ала дайын болған жоқ. Әр қайғылы жағдайдың өз берер сабағы болады. Қазір жер сілкінісі болған жағдайда цунами қаупі жылдам ескертіледі. Сондай жағдайда тұрғындар жедел эвакуацияға дайын болуы керек», – Лаура Конг, Гонолулудағы цунами туралы ақпарат таратушы халықаралық орталықтың өкілі.

 

5 қараша – Дүниежүзілік цунами мәселесі туралы ақпарат тарату күні

Ал бүгін Дүниежүзілік цунами мәселесі туралы ақпарат тарату күні. 2015 жылдың желтоқсанында Жапония өкілдерінің бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен бекітілді. Бұл таңдау 1854 жылдың 5 қарашасында өз ауылының тұрғындарын құтқару үшін меншігін құрбан еткен шаруа туралы «Инамура-ну-хи» әңгімесімен байланысты. Ол ауыл тұрғындарына қауіп туралы ескерту үшін өз егісін жаққан. Соның арқасында тұрғындар аман қалған деген дерек бар.