К.Харрис пен Д.Трамптың Таяу Шығысқа қатысты ұстанымы қандай?
АҚШ-тағы президент сайлауындағы басты тақырыптың бірі – Таяу Шығыстағы дағдарыс.
Қос үміткер – вице-президент Камала Харрис пен экс-президент Дональд Трамп араб және еврей ұлтының өкілдері көп тұратын Мичиган және Пенсильвания штаттарындағы сайлаушылардың қолдауы үшін белсене күресті, деп хабарлайды 24kz.
Олардың дауысы сайлау нәтижесіне елеулі әсер етуі мүмкін.
Ернат Рахметолла, тілші:
- Камала Харрис 200 мың тегі араб америкалық тұратын Мичигандағы сайлауалды кездесуінде Израильдің Газадағы ХАМАС-пен және Ливандағы «Хезболламен» қақтығысынан қаза тапқан бейбіт тұрғындардың рухын еске алып сөйледі.
Камала Харрис, АҚШ президенттігіне үміткер:
- Биылғы жыл қиын болды. Газадағы қырғын мен қираудың ауқымы және Ливандағы бейбіт тұрғындардың қазасы мен бордай тозып, бас сауғалап қашуы жағдайды ауырлатты. Мен президент ретінде Газадағы соғысты тоқтату, тұтқындарды үйіне қайтару, Израильдің қауіпсіз қылу, Палестина халқының өз қадір-қасиетін сезіну, бостандығын, қауіпсіздігі мен өз бірегейлігін айқындауы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.
Ал Дональд Трампның ойы басқаша. Ол Джо Байденнің кезінде соғыстың көбейгенін алға тартады. Трамп: «Ақ үйде Байденнің орнында отырғанда ешқандай жанжал болмайтын еді», - дейді. Ол осы жолы президент болып сайланса, қарулы қақтығысты тоқтатуға уәде берді. Трамп: «ал Харрис билік тізгінін қолға алса, тіпті Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін», - деп ескерткен.
Дональд Трамп, АҚШ Президенттігіне үміткер:
- Мен жұмысшыларымызды, жұмыс орындарын, шекарамызды, отбасыларымызды, балаларымыздың ең бай және ең күшті елде өмір сүру құқығын қорғаймын. Камала Харрис те тегі араб америкалықтардың, мұсылмандардың дауысын алғысы келеді. Бірақ оларға салсақ, біз қақтығысты қолдауымыз керек, Иран мен Иракқа шабуыл жасауымыз қажет. Олар бәрімен соғысуды қалайды. Бұл – ақымақтық.
Осының алдында The National басылымы сауалнама жүргізген. Оған қатысқандардың 46%-і «Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеуге Дональд Трамптың мүмкіндігі мол», - деп жауап берген. Бұл тұрғыда Камала Харриске сенетіндердің үлесі Трамптан аздау – 41% қана.
Авторы: Ернат Рахметолла