Ресейде әр оныншы адам күзгі күйзеліске ұшырайды
Ресейде әр оныншы адам күзде күйзеліске ұшырайды.
Ғалымдардың айтуынша, осы мезгілде адам жанында генетикалық өзгерістер болады.
Жан күйзелісі неден пайда болады және одан арылудың жолы қандай?
Күз Ресейдің Челябинск қаласының тұрғындары үшін ауа райы өзгеріп, күн суытатын уақыт қана емес, адамдарды күйзеліске жиі түсіретін мезгіл саналады. Себебі осы кезде азаматтарды енжарлық, тәбеттің төмендеуі, ештеңеге зауқы болмай, адамдармен байланыс орнатуға деген ынтаның жоғалуы сияқты сезімдер көп мазалайды.
Ольга Пылаева, жергілікті тұрғын:
- Күздің басталғанын жаздың соңынан-ақ сезесің. Ауа райы бірден өзгеріп, салқындай бастайды. Жақындарыма ашуланбауға барынша тырысамын. Алайда осы мезгілде өзге адамдармен қарым-қатынасым нашарлай бастайтынын байқаймын.
Маусымдық күйзелістен арылудың тиімді жолы – нейрографика. Бұл сурет салу арқылы ішкі мәселені шешудің бір тәсілі. Мысалы, түрлі пішіндердің бұрыштарын тегістеу арқылы адам ауа райының кері әсерін жұмсартып, жағымсыз эмоцияларды жеңе алады. Психологтар бұл мәселемен күресудің басқа да әдістері барын айтады.
Ася Годок, психолог:
- Бұл кезде күнделікті отыратын бөлмеңіздің жарық әрі жайлы болғаны маңызды. Сонымен қатар, майлы тағамдардан аулақ болып, көбіне пайдалы дәрумендерге бай тағамдар тұтынуға кеңес беремін.
Ресейлік ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде күзгі депрессия генетикалық негізде туындайтыны анықталды. Олар 40 мыңға жуық азаматтың геномын зерттеп, әр оныншы тұрғында күзгі күйзелісті тудыратын өзгерістің болатынын байқады. Бұл генетикалық өзгерістер тұрғындардың орналасқан аймағына да байланысты болады.
Екатерина Суркова, медициналық-генетикалық орталық жетекшісі:
- Бұл мәселені түсіну өте маңызды. Себебі әр халықтың өзіндік ерекшеліктеріне қарай емдеу тәсілдері де әртүрлі болуы тиіс. Күйзеліс жиі мазалаған жағдайда аймақтық скринингтік тексерулерден өтуге кеңес береміз.
Психологтар күзгі күйзелістен қорғанудың тағы бір жолы ретінде ұйқы режимін қалыпқа келтіруді атайды. Бұл ағзаның табиғи биоритмдерін сақтауға септігін тигізеді екен. «Ал дұрыс тамақтану мен тұрақты физикалық белсенділік мұндай өзгерістердің әсерін жеңілдетуге немесе тіпті болдырмауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Авторы: Динара Орынтай