Көміртегі бейтараптығы – климаттың өзгеруі мәселесін шешу жолы
Көміртегі бейтараптығына көшу әлемдік трендке айналғалы қашан.
Өйткені бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыратын айырықша фактор. Осыған байланысты әлемнің 66 елі 2050 жылға қарай ауаға тарайтын зиянды заттар мөлшерін нөлге жеткізетіндерін мәлімдеді. Бұдан Қазақстан да сырт қалмақ емес. Былтыр «көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді.
Қытай қоршаған ортаға көмірқышқыл газын ең көп шығаратын ел. Әлем бойынша атмосфераға тарайтын парниктік газдардың 30 пайызы осы елдің үлесінде. Бұған Қытайдың көмірге тәуелділігі себеп. Десе де, жан басына шаққандағы көрсеткіш АҚШ-тан әлдеқайда төмен. Орта есеппен Америкада бір адамға шаққанда көмірқышқыл газы шығарындылары 17 тоннадан асса, Қытайда 8,5 тонна шамасында. Соған қарамастан, көрші мемлекет 2060 жылға дейін бұл жағдайды түбегейлі өзгертуге бекініп отыр. Ол үшін жаңартылатын энергия көздеріне көшпек. АҚШ-та осыған ұқсас шаралар қолға алған. Жаңартылатын энергия көздерін кеңейтіп, көмірден табиғи газға көшуде.
Еуроодақ парниктік газ шығарындыларын 2030 жылға дейін 55 пайызға азайтпақ. Кәрі құрлық елдері осындай мақсат қойып отыр. Бүгінде «Жасыл келісім» бағдарламасы аясында еуропалық одақ елдері көміртексіз экономикаға көшу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, көмірмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды жабу және экологиялық таза көліктерге көшу бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырып келеді. Соның арқасында бүгінде жан басына шаққандағы көрсеткіш шамамен 7.04 тоннаға дейін төмендеген.
Жаңа Зеландия
Жаңа Зеландия билігі де ауаға тарайтын көміртегі мөлшерін 2050 жылға дейін нөлге жеткізуді көздейді. Ол үшін ауыл шаруашылығында, соның ішінде мал шаруашылығындағы метан шығарындыларын азайтуға басымдық берілмек. Ел үкіметі тіпті тиісті заң да қабылдаған.
Жапония
Жапония көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ең тиімді әрі үнемді түрі ретінде гидроэнергетикаға бет бұрып жатыр. Сонымен қатар, сутегі энергетикасына да басымдық беріп отыр. Жалпы, жапон билігі алдағы жылдары электр қуатын жаңартылған энергия көздері арқылы өндіруді көздейді.
Қазақстан
Қазақстан да осы бағытта бірнеше маңызды шараны қолға алған. 2060 жылға қарай еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат тұтқан. Ол үшін энергетика секторын жаңғырту атап айтқанда, көміртегі шығарындыларды азайту көмір электр станциялары жаңартылатын энергия көздеріне алмастырылмақ. Себебі дәл осы сала Қазақстандағы парниктік газ шығарындыларының ең ірі көзі саналады. Бұл қазба отындардың кеңінен пайдаланылуына байланысты болып отыр. Сондықтан ел билігі күн, жел, гидроэнергетика саласындағы жобаларды кеңейтуге бағытталған бағдарламалар енгізді. Орман қорын арттыру және ауыл шаруашылығында экологиялық таза технологияларды енгізу жұмыстарын қолдау арқылы парниктік газ шығарындыларын азайтуға барынша күш салынуда.