Еуроның құны кетіп барады

Әлемдік қаржы нарығында доллар күрт көтерілсе, еуро құлдырап барады. Кейінгі айларда доллар алғаш рет 156 иеннен асты. Ал еуроның деңгейі ең төменгі шегіне жетіп, 1,05 долларға төмендеді.

Еуро, жапон иенасы мен канадалық доллардың құны кетіп барады. Есесіне доллар күш алды. Бұған не себеп?

Кейінгі онжылдықта дес бермей тұрған еуро құлдырап барады. Доллар мен екі арада айырбас бағамы едәуір ауытқып, 1 еуро шамамен 1,05 АҚШ долларына теңесті. Бұл – биылғы жылдың ең төменгі көрсеткіштерінің бірі. Осылайша, еуроның долларға қатысты құны құлдырау тенденциясын айқын көрсетіп отыр. 

Ал АҚШ долларына әсер ететін бірнеше фактор бар. Ең негізгісі – ішкі және сыртқы саясаттағы өзгерістер. Дональд Трамптың АҚШ президенті болып қайта сайлануы мен оның экономикалық саясаты доллардың нығаюына ықпал етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, егер Трамп жоспарлаған тарифтер мен экономикалық шаралар іске асса, доллардың деңгейі мұнан да артуы мүмкін. АҚШ-тың саяси және экономикалық тұрақтылығы долларды әлемдегі ең сенімді және қауіпсіз валюта ретінде көрсетті. Инвесторлар долларға сұранысты арттырған сайын оның құны соғұрлым өсе береді. Сондай-ақ АҚШ-тың орталық банкі, Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені жоғарылатып, долларды күшейтеді. Бұл оны сатып алу сұранысын арттырады. Бұған қоса тарифтерді енгізу, салық реформалары сияқты АҚШ-тағы инфляцияға қарсы шаралар доллардың құнына әсер етуі ықтимал.

 

Доллар күшейсе, көп салаға әсер етеді

Бұл өсім алдымен АҚШ-тың экспорт бағасын шетелде арттырып, құнын қымбаттатады. Ал импорт, керісінше, арзандайды. Бұл америкалық компаниялардың әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін төмендете түседі.

Сондай-ақ доллар өсімі мұнай, алтын сияқты шикізат тауарларының халықаралық нарықтағы құнын төмендетуі мүмкін. Өйткені бұл өзге валютамен салыстырғанда қымбаттайды. Тағы зиян шегетін дамушы елдердің экономикасы. Олардың сыртқы қарызы көбіне доллармен беріледі. Бұл қарыздың қайтару құнын арттырып, қаржылық қысым тудыруы ғажап емес.

 

Доллар өсіп, көп елдің валютасы құнсызданды

Доллар өсімі біраз елдің валютасына әсер етіп отыр. Оның көтерілуі әсіресе Еуропа мен Жапонияның ақшасын әлсіретіп жіберді. Еуро 1,75%, ал жапон иені 1,5% төмендеді. Орталық және шығыс Еуропадағы венгр форинті мен поляк злотасы шамамен 2%-ке арзандады. Солтүстік Америкада да канадалық доллар, мексикалық песо доллармен салыстырғанда құнсызданып отыр. Азия ақшалары да құлдырады. Мысалы, Таиланд баты 1,8%, малайзиялық ринггит 1,4% долларға қатысты төмендеді. 

 

Доллардың күшеюі Иран риалын құнсыздандырды   

Иран валютасы да тарихи минимумға дейін төмендеді. Тегеран трейдерлерінің айтуынша, риал бағамы АҚШ-тағы президент сайлауы күні бір доллар үшін 703 мыңға жеткен. Қазір сәл төмендеді. Сарапшылар мұны экономикалық санкция, ішкі нарықтағы мәселелер және саяси тұрақсыздықтың әсерімен байланыстырып отыр. Доллардың күшеюі де Иран ақшасына қосымша қысым жасады. Риалдың құнсыздануы импорттық тауарлардың қымбаттауы мен инфляцияның өсуіне әкеп соқты.

Амир Агаян, жергілікті тұрғын:

- Трамп санкцияны одан сайын күшейтетін шығар. Бұл біздің пайдамызға емес, керісінше, құлдырауымызға әкеледі. Экономикамыз бен әлеуметтік жағдайымыз әлсіреп кетпесе болар еді.

Қысқасы, мұнай расында арзандап, доллар көтерілсе, жаһандық экономикада өзгерістер болады. Бұл түптеп келгенде, әр мемлекеттің экономикалық жағдайына байланысты болмақ.