Газа секторы қыс мезгіліне дайын емес
Газа секторында Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы қақтығыстың жалғасып жатқанына 13 айдан асты.
Былтыр күзде басталған қарулы текетірестің қашан аяқталары белгісіз. Екі ортада қарапайым тұрғындар азап шегіп жатыр. Қыс болса, қыр астында. Қазірдің өзінде аймақта минус 6 градус суық. Халықаралық ұйымдар мен палестиналықтар қысқа мүлде дайын емес екенін айтып, зар қағып отыр.
Газада үскірік жаңбыр қазірден құйып жатыр. Былтырғы қыста мектеп, аурухана және мемлекеттік мекемелердің ғимараттары пана болған еді. Биыл олардың көбі қирап қалды. Газада 486 медицина нысананың қазір тек 5-уі ғана жұмыс істеп тұр. Секторда дәрі-дәрмек, азық-түлік, су, жанармай өте тапшы.
Ум Ахмед, босқын:
"Қыс жақындаған сайын суық жаңбыр жауып, қалымыз қиындай бастады. Теңіз толқындары да күшейді. Қайта-қайта жағаға соғып, шатырымызға су кіріп жатыр. Балаларымда жылы төсек-орын, жылы киім-кешек жоқ. Тамақ та болмай қалады."
Жамил Дахир, босқын:
"Біз Хан-Юнис қаласының шығысындағы босқындар лагерін паналап жүрміз. Паналап жүрміз дегені тек аты ғана. Бала-шағамыздың бәрі ауруға шалдықты. Қарнымыз шала, ұйқымы аш. Қыста күніміз не болмақ?!"
Орталық бөлігіндегі барлық наубайхана жабылып қалды. Олардың бәрі Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының арқасында жұмыс істеп тұрған еді.
Швейцария, Женева
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
"Газада қазір халықтың 90 пайызы шатырларды паналауға мәжбүр. Бұл тыныс алу және басқа ауруларды өршітуге әкеліп соқты. Газа солтүстігіне гуманитарлық көмек жіберу мүмкін емес. Израиль бөгеп отыр. Анклавта жылы көрпе, жанармай мен азық-түлік өте қат."
Газа секторы
ЮНИСЕФ 150 мыңнан астам балаға қысқы киім беруге қамданып жатыр. Бұған дейін Халықаралық Балалар қоры 3 су сорғысын берген еді. Сондай-ақ ЮНИСЕФ Дейр-әл-Балах пен Хан-Юнис қалаларында және Хусейрат босқындар лагеріндегі кәріз және жаңбыр суы ағатын желілерді техникалық жөндеуден өткізбек.
Ернат Рахметолла