ДДСҰ: Гаджеттерді пайдалану уақыты 1 сағаттан аспауы тиіс

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен нормасы бар. Яғни, күніне 1 сағаттан артық телефон қарауға болмайды. Ұйым өкілдері қазірде осы норманың сақталмай, уақытын телефонда телміріп өткізетіндер санының артып келе жатқанын айтады. Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында байқалады. Статистика бойынша мектеп жасындағы әр төртінші оқушы күніне 5 сағаттан астам уақытын гаджеттерге жұмсайды. Жалпы мұның салдары неге әкеп соқтырады?

АҚШ жасөспірімдері күніне 5 сағат уақытын әлеуметтік желіде өткізеді

АҚШ-тағы жасөспірімдердің 93%-і – әлеуметтік желілердің тұрақты қолданушысы. Мектеп не колледж қабырғасындағы 40 миллиондай жеткіншектің жеке парақшасы бар. Statista жүргізген зерттеу бойынша 13-19 жастағы қыз балалар орташа есеппен 5 сағат, ер балалар 4 сағаттан артық уақытын әлеуметтік желілерге жұмсайды. Әсіресе YouTube, TikTok, Snapchat, Instagram, Facebook – нағыз уақытты кетіретін платформалар. Қазірде Instagram мен TikTok қосымшаларының танымалдылығы артып келеді. Ал Facebook қолданушы жастардың қатары сиреген. Мәселен, 2014-2015 жылдары жасөспірімдердің 71%-і белсенді қолданса, қазір көрсеткіш небары 33%.   

Жалпы цифрлық әлемге ерте енген америкалық балалардың 95%-інде смартфон, 70%-інде ноутбук, 60%-інде түрлі ойын құрылғылары бар. Бұл ретте денсаулық сақтау өкілдері алаңдайды. Өйткені АҚШ-тағы семіздік мәселесінің бір ұшы – осы гаджеттер. Қазір елде артық салмақты жасөспірімдердің саны 15 миллионан асады.

«Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, балалардың дені уақытын пайдалы өткізбейді. Әрине, оның салдарын өздері байқамайды. Физикалық қауқары әлсірегендктен, бұл ұйқысының қанбауы, салғырттық сияқты факторларға әкеп соқтырады. Өз кезегінде бұл баланың тұлғалық даму сатысы кезінде физикалық және ақыл-ойының дамуына тікелей әсер етеді» — Кар Хау Чонг, Вуллонгог университетіндегі гуманитарлық ғылымдардың докторы.

 

ДДСҰ: Гаджеттерді пайдалану уақыты 1 сағаттан аспауы тиіс

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен норма бойынша күніне гаджеттерге жұмсалатын уақыт 1 сағаттан аспауға тиіс. Ал физикалық белсенділікке күн сайын кемі 3 сағат арнау керек. Ұйым өкілдері осы норма сақталмағандықтан, жыл сайын әлемде 5 миллионнан астам адам көз жұматытын айтады. Сондай-ақ 3-4 жасқа дейінгі балаларға күніне 10-нан 13 сағатқа дейін ұйқысын қандыруға кеңес береді. Бұл ретте тұрмыс салты, білімі жағынан салыстырар болсақ, америкалық балалардан төмен болуы мүмкін, дегенмен қара құрлық балаларының денесі шымыр болып келеді. Өйткені олар гаджеттерге сағаттап телмірмейді. Ал халықтың 57%-інде ұялы телефон жоқ.

«Барлық назар телефонның ар жағындағы қызықты контентке ауғандықтан, олар бір орыннан тапжылмай, сағаттап уақытын құртады. Сәйкесінше дене қозғалысқа түспей, физикалық белсенділік әлсірей береді. Мектеп жасындағы оқушылардың жиі шаршауы, сабаққа ден қоймауы, сабақ үлгерімінің нашарлауы осыдан» — Фиона Булл, ДДСҰ инфекциялық аурулар мен эпиднадзор бойынша бағдарлама жетекшісі.

 

Австралияда жасөспірімдердің әлеуметтік желіні қолдануына тыйым салынады

Бұл мәселені заңмен реттеуге көшкен елдер де бар. Мәселен, Австралия 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым cалмақ. Тиісті заң келер жылы күшіне енеді. Яғни, барлық платформалар 16 жасқа толмаған балаларды тіркеу бойынша шектеу қоюға міндеттеледі. Әйтпесе 50 миллион Австралия долларына дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл біздің ақшамен 16 миллион теңгеден асады. Биліктің айтуы бойынша аталған заң жасөспірімдерді қауіпті контент пен буллингтен қорғауға бағытталған. Десе де шектеудің мессенджерлер, онлайн ойындар мен білім беру платформаларына еш қатысы жоқ. Балалар оларды бұрынғысынша қолдана береді. Бұл бастаманы көп ата-ана бірауыздан қолдап отыр. Бірақ кей сарапшылар заң талаптарын тым қатал деп бағалап, әлеуметтік мәселелерді шешуде тиімсіз болуы мүмкін дейді. Бұған дейін Франция мен АҚШ-та осындай заң енгізіліп, нәтиже бермеген соң күші жойылған еді.