Түркияда зияткерлік меншік заңмен қорғалады. LIVE

Әлемнің көптеген елінде зияткерлік меншікті қорғау жақсы жолға қойылған. Соның бірі – Түркия. Бауырлас елде бұл сала бірнеше заңмен қатаң реттеледі.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Түркияда зияткерлік меншік қатаң қорғалады. Бұл сала бойынша бірнеше заңнамалық акті бар. Олардың ең маңыздысы – 1951 жылдың 5 желтоқсанында қабылданған «Зияткерлік және көркем шығармалар туралы заң». Бұл шығармашылық өнімдерді қорғау туралы басты заңдық құжат. Ол әдебиет, ғылым, өнер саласындағы шығармашылық еңбектерге қатысты зияткерлік меншікті және автордың құқықтарын реттейді. Сонымен қатар Өнеркәсіптік меншік мәселесін де қадағалайды. Оның ішінде патент, сауда маркасы, өндірістік үлгі және географиялық белгілер сияқты мәселелердің бәрі қамтылған. Онда сондай-ақ зияткерлік меншік құқығы бұзылған жағдайда заңды түрде қорғау сұрау, өтемақы немесе айыппұл талап ету жағы да қарастырылған. Азаматтар мұндай іс бойынша Зияткерлік және өнеркәсіптік құқықтар жөніндегі соттар мен Зияткерлік және өнеркәсіптік қылмыстық соттарға шағым түсіре алады. Зияткерлік меншік құқығын бұзғаны үшін түрлі жаза белгіленуі мүмкін. Тіпті айыппұл салудан бөлек, мұндай әрекетке барған тарап 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Кенжетай Әліп, заңгер:

- Түркияда зияткерлік меншік құқықтары «Пікір және өнер туындылары туралы» заңымен реттеледі. Барлық зияткерлік меншікке қатысты заңбұзушылық шағымға, яғни арызға негізделген қылмыстар қатарына жатады. Істі қарау осындай дерек тіркелген сәттен басталады. Оны тексеру 6 айға созылуы мүмкін. Іс тек туынды авторы немесе авторлық құқыққа ие ұйым шағымданса ғана тергеледі. Шағымның заңды деп танылуы үшін республикалық прокурорға зияткерлік меншікті растайтын құжаттар мен басқа да айғақтық заттар өткізілуі керек. 

Жалпы зияткерлік меншікті қорғау мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, автор құқығы елде меншік иесі қайтыс болғаннан кейін 70 жыл қорғалады. Мысалы, 1950 жылы қайтыс болған Джордж Орвеллдің кітаптарының авторлық құқығы 2021 жылдың 1 қаңтарында аяқталды. Авторлық құқық мерзімі аяқталған шығармалар қоғамдық мүлік болып саналады және оларды кез келген баспа үйі басып шығара алады.