Қытайда ыстық су ішу әдеп пен әдетке айналған

Су – тіршілік нәрі. Адам ағзасының 60%-і судан тұрады. Демек бір жұтым судың өмір сүру үшін ғана емес, жан мен тәннің қалыпты жұмыс істеуі үшін де маңызы зор. Бірақ ол жылы су ма, суық су ма? Осы мәселені әлем әлі күнге қызу талқылап келеді.

Иә, Азия елдерінде ағзаға суық суға қарағанда ыстық судың пайдасы көп деген сенім бар. Қайнаған су салқын күндері бойды жылытады. Бірақ батыс елдері суық су ішу әлдеқайда пайдалы деген ұстанымда. Салқын су шөл қандырады әрі сергітеді.

Қытайда ыстық су ішу әдеп пен әдетке айналған   

Қытайда ыстық суға тәуелділік ХХ ғасырдың басынан басталады. 1928 жылы ұлтшыл үкімет билік басына келіп, халыққа ыстық су ішуді үгіттейді. Бұл бастама қайнаған су бөлме температурасындағы суға қарағанда әлдеқайда таза дегенді алға тартады. Бастапқыда оның пайдасын жұрт көзбен көріп, тәнмен сезінген жоқ. Бірақ бірте-бірте өзен-көл жағасын мекендейтін халық суды қайнатып ішуді әдетіне айналдыра бастады. Сөйтіп, бұл әдет әдепке айналып, қарқынды түрде жалғаса берді. Оның тұрмысқа енуіне 1800 жылдары елде таралған тырысқақ ауруы әсер еткен. Сол кезде жергілікті жұрт ыстық су тұтынып, ауруға қарсы тұрған деген дерек бар. Олардың өз нанымына сәйкес суды қайнату бактерия-микробты өлтіріп, таралудың алдын алуға көмектеседі. Содан бері Қытай халқы ыстық су тырысқақ пен басқа да дерттің алдын алады деп топшылайды.

«Дәстүрлі Қытай медицинасы бойынша дененің қалыпты ішкі температурасы 37 градусқа тең. Бұл қалыпты дене функциясымен үйлесімді қан айналымын ұстап тұрады. Ал суық су ішкен кезде ағза температурасы бұзылады. Егер организм тым әлсіз болса, бұл ас қорыту жүйесінде түрлі ауру туғызуы мүмкін» Get Real America.org платформасы.

 

Ыстық су — табиғи терапия көзі

Қытай дәстүрлі медицинасы күнделікті таңертең ыстық су ішкенді жөн санайды. Бұл әдет ағзаның жалпы саулығын реттейді деп сенеді. Олардың нанымына сүйенсек, ыстық су тұтынудың пайдасы шаш етектен. Қытай ғалымдары қайнаған суды асқазан мен ішек жолдарын жылыту және ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсарту үшін ұсынады. Ол ағзадағы токсиндерді шығарып, табиғи тазарту процесін жеделдетеді. Қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымын жақсартады. Иммунитетті нығайтып, суық тиюге қарсы тұрады. Тағы жүйке жүйесін тыныштандырып, стресті азайтуға және ұйқы сапасын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ ыстық судың тері тазалығы мен сергектігін сақтауға ықпалы орасан. Мұның барлығы қытайлықтардың ұзақ әрі сау өмір сүруінің кепілі.

 

Ыстық су ішіп, ұзақ өмір сүруге болады

Қытай жұртының орташа өмір сүру ұзақтығы кейінгі жылдары әлемдік орташа деңгейден шамамен 5-6 жылға ұлғайды. Әлемде орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жас. Ал Қытайда былтырғы дерек бойынша бұл көрсеткіш 78-79 жас шамалас. Ғалымдар көрші халықтың ұзақ жасау сырын елдің дәстүрлі медицинасымен байланыстырады. Яғни, дұрыс тамақтану, ыстық су ішу әдеті саулыққа оң әсер етеді. Көкөніс пен табиғи өнімдермен байытылған диета, тұзды аз пайдалану әдісі де – ұзақ өмір сүруге нақты қадам.

 

Америкалықтар суық су ішуге неге құмар?       

Ал қайнаған суға қарағанда салқындатылған су ішуді құптайтын америкалықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 77 жас. Бұл өткен жылдың дерегі. Көрсеткіш әлемдік деңгейден алда болғанымен, Қытайдан аздап артта. Бірақ суық су ішу мен өмір сүру ұзақтығы арасында тікелей байланыс туралы нақты ғылыми дәлел жоқ. Дегенмен өмір салтының ерекшелігі мен суық судың ағзаға әсері арқылы ықтимал тұжырым жасауға болады. Америкалықтар жиі газдалған және суық сусынды тағаммен бірге тұтынады. Бұл ас қорытуға және жалпы метаболизмге кері әсер етуі ғажап емес. Ғалымдардың зерттеуі де осыны дәлелдеп отыр. Салқындатылған су қан тамырларын тарылтып, қан айналымын уақытша нашарлатуы мүмкін.

Марк Твен, америкалық жазушы:

- Менің ойымша, біздің халықтың бір ғана ерекшелігі бар. Мұны «америкалық дәстүр» деп те атауға болады. Ол – мұзды суға деген ұлттық тәуелділік.

Тағы бір зерттеу, керісінше, мұздатылған су ішудің денсаулыққа аздап пайдасы барын дәлелдеді. Жаттығу кезінде суық су ішу дененің қызуына жол бермейді. Салқын су ішу дене температурасын бірден төмендетуге көмектеседі, терлеу, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы мен құрысуды жеңілдетеді. Сергектікті ынталандырып, ағзада адреналиннің бөлінуіне әсер етеді. 

 

Ұзақ жасаудың сыры неде?

Әлемде ең ұзақ жасайтын жапондар да салқын не ыстық су ішуге құмар дейтін шығарсыз, бәлкім?! Бірақ қателесесіз. Жапондардың ең негізгі принципі – дұрыс тамақтану. Олар көкөніс, жеміс, теңіз өнімімен байытылған тағамды режиммен тұтынып, салауатты өмір салтын ұстанады. Әсіресе жаяу жүрудің өмір сүруді ұзартуға ықпалы орасан. Мәселен, жапон балаларының шамамен 98%-і мектепке жаяу немесе шайтанарбамен қатынайды. Яғни, бұл халықтың отырыстан жүрісі көп. Тағы бір құпиясы – көк шай ішу. Олар күнделікті матча шайын бірнеше рет тұтынады. Бұл тәжірибе бірнеше ғасырды қамтиды. Сондай-ақ ежелгі сусынның құрамы иммундық жүйені нығайтып, обыр клеткаларын туғызбайтын антиоксидантқа өте бай.

Манами Иноуэ, Токио университетінің профессоры:

- Жапондық 50 жастан асқан әйелдер салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында ұзақ өмір сүруге бейім келеді. Жапон батыс елдерінің тұрғындарыа қарағанда рационынан ет пен жануар майын алып тастаған. Керісінше, балықты көбірек жейді.

Иә, бәрін айт та, бірін айт. Суды ыстық нсуық күйде ішудің пайдасы мен сырын айттық. Ал оны қашан және қалай тұтыну сіздің еншіңізде.