Газа секторында әр 10 минут сайын бір бала көз жұмады
Әлемде жыл сайын миллиондаған адам қақтығыс ошақтарында көз жұмады. Былтыр 20 миллионнан астам кісі текетірес кесірінен өлім құшқан. Құрбандар қатарында әйел мен бала көп. Бұл – БҰҰ келтірген дерегі.
Заңнан аттап, адам құқын таптаудың тағы бір көрінісі – еңбек құқының бұзылуы. Кейінгі дерекке сүйенсек, жер шарында 50 млн адам құлдықта өмір сүріп, заңсыз еңбекке жегіледі. Бұдан соң ана мен бала, босқын құқының бұзылу деректері жиілеген.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Әлемдегі ең маңызды құндылық – адам және оның құқы дейміз. Бірақ халықаралық заңнан аттап, адамның құқын таптау деректері дүниежүзінде тыйылмай тұр.
Газа секторында қайнаған қақтығыстан 45 мың адам өлім құшты
Қақтығыстан жапа шеккен Газа секторында адам құқын бұзу қалыпты құбылысқа айналды. Мыңдаған әйел жесір, қаншама бала жетім қалды. Баспана дейтін бақытты мекенде бүтін отбасымен күн кешу – олар үшін қазір арман ғана. БҰҰ кейінгі дерегіне сүйенсек, қайнаған қақтығыстан, жоқшылық пен аштықтан 45 мыңдай адам өлім құшса, 2 млн тұрғын туған жерінен босып кеткен. Бұл – бүтіндей аймақ халқының 90%-і. Әсіресе, жүкті әйелдер мен балалардың халі мүшкіл. Әйелдердің дені босану кезінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай қайтыс болған. Оның үстіне олар қауіпсіз жер жағалап, бір үзім нанға мұқтаж отыр. Қыс түсіп, жауын-шашынның көбеюі жағдайды тіпті ушықтырып жіберген. Қолда бар дүниеден баспана құрап, өлместің күнін кешіп жүр.
Аджит Сангай, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқарма басшысы:
- Газаға әр келген сайын мына жағдайды көріп жаным ашиды. Өйткені ахуал күрт нашарлай түскен. Бұл жолы аштықтың таралуы мені қатты алаңдатты. 13 айға созылған зорлық-зомбылықтан соң жоқшылық, ауру, атқылаудан болған өлім деңгейі тым жоғары. БҰҰ Израильдің кедергісінен Солтүстік Газаға әлі де гуманитарлық көмек жеткізе алмай отыр.
Газа секторында әр 10 минут сайын бір бала көз жұмады
Айтыңызшы, ал мына көздері жәутеңдеген балғындардың қандай кінәсі бар?! Газа секторындағы бұл жеткіншектердің дені жаралы, психологиялық, физикалық тұрғыда ауыр хәлге ұшыраған, аяқ-қолынан айырылып, мүгедек болып қалған. Ол аздай, шабуыл салдарынан мыңдаған баланың өмірі қыршыннан қиылды. Әр 10 минут сайын мұнда бір балғын көз жұмады. Олардың басым бөлігі шетінеп кеткен. Аштықтан көз жұмғаны қаншама?! Бұл – әлем бойынша кейінгі 4 жылдағы балалар өліміндегі ең жоғары көрсеткіш.
Сирия жұрты атақонысынан қашып жатыр
Сирияда кейінгі екі аптада шиеленіскен жағдайдан кейін көтерілісшілер ел астанасы Дамаскіні басып алып, Асад әскері елден қуылды. Сөйтіп, бүлікшілер аз уақытта бірнеше қаланы өз иелігіне алып, жеңісін тойлап жатса, 370 мың тұрғын бас амандығы үшін шекара асып, атақонысынан қашып жатыр. Олар Ливан, Ирак, Газа секторына өтіп, көрші елдерден пана тапты. БҰҰ сириялық босқындар қатары 1,5 млн-ға дейін ұлғая ма деп алаңдайды. Өйткені бұл өңірлер қақтығыстан жетісіп отырған жоқ, гуманитарлық көмек жеткізу қиын. Халықтың аштан қырылуы мүмкін деп қауіптенеді. Қазірдің өзінде жүздеген адам қақтығыс кезінде қаза тапты. Бұл сан әлде де өсуі мүмкін.
Блиц 1:
- Біз Ашрафия ауданында тұрамыз. Мұнда нан бағасы күн санап өсіп жатыр. Оны жеткізетін көлік күн сайын келмейді, кейбіріміз жетісіне бір рет бір үзім нан алғанымызға мәзбіз.
Блиц 2:
- Күн салқындап кетті. Жағдай болса, қиындап барады. Жанармай бекеттері жұмыс істемей тұр. Бензин мен дизель тапшы.
Блиц 3:
- Көтерілісшілер бүкіл елді уысында ұстағысы келеді. Олардың нені діттегені әу бастан-ақ белгілі. Елді тонап, бүлдіріп, құртқысы келеді. Бұл – ұрылар қақтығысы.
Бұған дейін Сирия жұрты қарулы топ пен Асад әскерінің бітпейтін дауына талай мәрте куә болды. Азаматтық соғыс 2011 жылы қатты өршіп, жарты миллионға жуық жазықсыз жан ажал құшты. Тағы 5,5 млн сириялық қонысынан кетуге мәжбүр болған.
Суданда адам құқын таптау тыйылмай тұр
Азаматтық соғыстан адам құқы тапталған тағы бір ел – Судан. БҰҰ келтірген мәліметке сәйкес былтыр сәуір айынан бері қақтығыстан көз жұмғандар саны 62 мыңға таяған. Оның 26 мыңы – зорлық-зомбылық құрбандары. Тағы 11 млн кісі тұрғылықты жерінен біржолата кетуге мәжбүр болған. Шегі жоқ шиеленістен Суданда ауызсу мен азық-түлік дағдарысы орнады. 25 млн адам аштық пен жоқшылықтан зардап шегіп отыр. Кейінгі зерттеу, бейбіт күннің өзінде Суданда тіршілік етудің өте қиын екенін көрсетіп отыр. Технология әлемнен тым артта қалған. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан әлеуметтік, азық-түлік, баспана дағдарысы халықты қажытып жіберген.
Майсун Дахаб, Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің доценті:
- Тұтас ел бойынша өлім-жітімнің негізгі себебі аштық пен ауру екенін анықтадық. Гезира, Хартум, Кордофан және Дарфур сияқты қақтығыс өршіген аймақтарда құрбандар саны тым көп. Олардың дені қарулы топ тарапынан өлтірілген.
Суданда жалғасып жатқан қарулы қақтығыс балалардың балалық шағын қаралы шаққа айналдырды. 19 млн бала атыс басталғалы мектепке бармаған. Әр он баланың біреуі 5 жасқа толғанша қақтығыстан, аурудан қиналып қайтыс болады. ЮНИСЕФ мәліметтері осындай.
ЮНИСЕФ ұйымының есебі:
- Әлемде әр алтыншы бала қақтығыс аймағында тұрады. Олар атыс, аштық, ауру салдарынан өлім құшады. Бүкіл жер шарындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық деңгейі рекордтық деңгейге жетті.
Әлемде миллиондаған адамның құқы шектелген
Әлемде адам құқы тек қақтығыс аймақтарында ғана емес, бейбіт, дамыған елдерде де жиі тапталады. Amnesty International халықаралық ұйымының дерегінше, құқықбұзушылық түрлі жағдайда көрініс табады. Қақтығыс, қантөгістен соң жоқшылықтан жұрттың өмір сүру құқы шектелген. Жер шарында 700 миллионнан астам адам кедейлікте өмір сүреді. Осының кесірінен олар білім алу, денсаулық сақтау мен жұмыс істеу құқынан айырылған. Мұнан соң босқындардың құқын қолдау жоқ. Дерек бойынша жыл сайын 110 миллионға жуық кісі қонысын тастап кетуге мәжбүр болады. Бала еңбегін қанау деректері де тыйылмай тұр. Дүниежүзінде 160 миллион бала қауіпті әрі заңсыз еңбек жағдайында жұмыс істейді екен. Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық деректері көп тіркеледі. Гендерлік теңсіздіктің кесірінен миллиондаған әйел тұрмыста таяқ жеп, ерінен зәбір көреді.
Әлемде жер басып жүрген қаншама мың пенденің халі мүшкіл халде. Халықаралық ұйымдар бұған қарсы дабыл қағып, жан-жақты шара қабылдағанымен, тірлікке келгенде нәтиже аз.