Австралияда сиырды ақылды робот бағады
Әлемде сиыр бағатын ақылды бақташы пайда болды. Қазір оның қызығын Австралия шаруалары көріп отыр. Робот-сиыршы жұмыссыздықты азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға атсалыспақ.
Австралияда сиырды робот бағады. Оны Сидней университетінің ғалымдары 2016 жылы жасап шығарған. Бірақ жалпыға алғаш рет ұсынылып отыр. Сиыршы-робот SwagBot деп аталады. Төрт аяқты құрылғының жұмысы жасанды интеллектіге негізделген. Сенсорлары бар.
Салах Суккарие, Сидней университеті роботехника және зияткерлік жүйелер профессоры:
- Сиырлар да біліп алған. Робот қайда барса, олар да ілесіп сонда барады. Бұл құрылғы шұрайлы жерді дәл табады. Сенсорлары арқылы топырақтың, шөптің құрамын, құнары мен жалпы сапасын анықтайды. Мөлшерін де біледі. Артық жегізбейді. Қазір шаруа қожалықтарына бақташы жетіспей жатыр. Мына робот жұмыс күшінің орнын алмастырады.
Австралия – әлемде сиыр етін ең көп экспорттайтын мемлекеттің бірі. Елде қазір шамамен 30 миллион ірі қара бар. Бірақ Австралия жасыл құрлық саналса да, жерінің көбін құрғақшылық жайлап алған. Жайылым көлемі қысқарып барады.
Эрин О'Нил, шаруа:
- Бұл робот жайылымдағы азот, калий, фосфор және басқа заттардың құрамы мен мөлшерін зерттеп білуге көмектеседі. Мұндай бағалау әсіресе буаз сиырлар үшін құнды.
Род Катер, шаруа:
- Рас, адамдарда қорқыныш бар. Олар роботтар біздің жұмысымызды тартып алады деп үрейленеді.
Десе де сала мамандары ауыл шаруашылығына жаңа технологиялардың енгізілгенін құптайды, тіпті қуанады деуге болады. Өйткені климаттың өзгеруі мен жұмыс күшінің азаюы үлкен қиындықтар туғызып отыр. Сондықтан робот техникасы мен автоматтандыру жүйесіне үміт зор.
Авторы: Ернат Рахметолла.