БҚО-да кәсіпкерлікті қолдауға ₸3 млрд бөлінді

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, батысқазақстандық Иса Ержанов осыдан 5 жыл бұрын 25 шаршы метр гаражда өз кәсібін бастаса, бүгінде мыңдаған шаршы метр аумақта өндірісін өркендетіп отыр. Оралда шығарылған құрастырмалы үстелдерге тіпті Ресей, Беларусь елдерінен де тапсырыс береді екен.

Иса Ержанов өз кәсібін 2019-да бастапты. Сол жылы 2 млн 600 мың теңгенің мемлекеттік грантын ұтып алыпты. Бастапқыда сәндік бояу цехын ашса, біртіндеп жиһазға ден қойыпты. Ал былтырдан бері жиналмалы үстелдер жасауға толықтай көшкен. Көп орын алмайтын, қалаған уақытта құрып, қалаған уақытта жинап қоюға болатын трансформер үстелдерге тапсырыс берушілер күн санап артып келеді.

Иса Ержанов, кәсіпкер:

- Еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі жиһаз салондарымен жұмыс істейміз. Маркетплейстер арқылы шет елдерге, Беларусь еліне сатумен айналысып жатырмыз. Жиналмалы жиһаздар өзімізге қатты ұнағандықтан, өте ыңғайлы болғандықтан, тек осы саланы дамытамыз деген мақсатымыз бар.

Бүгінде жиналмалы жиһаз цехында 20 жұмыс орны ашылған. Өндіріс көлемі күн санап артып келеді. Егер былтыр айына 20-30 үстел жасалса, қазір аптасына 100 үстел шығарылады екен.

Аслан Ғабдуллин, өндіріс бастығы:

- Бір жыл бұрын құрастырушы болып келдім. Бұрын осы жиһаз құрастыру саласында істегенім жоқ. Жалпы жайлап-жайлап істеп үйрендік. Қазір енді өндіріс бастығы болып көтерілдім, нөлден бастап.

Мемлекет қолдауы арқасында өндірісті өрге бастырған Ержан секілді кәсіпкерлер аз емес. Тек биылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына Батыс Қазақстан облысында 3 млрд теңге қарастырылған. Осы мақсатқа қаралған қаражат былтырғымен салыстырғанда екі есе артқан.

Мейрам Қабдығалиев, БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Облысымызда қазіргі таңда 59 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Соның ішінде 130 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 1,2 трлн теңгеге өнім шығарылды.

Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі биыл 36% жеткен, өңір кәсіпкерлері 11 айдың қорытындысы бойынша 773 млрд теңгенің тауарын шығарып, қызметін көрсеткен. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2029 жылға дейін 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.