Филиппинде күніне 160 млн тонна пластик қоқысқа тасталады
Филиппинде күніне 160 миллионнан астам түрлі пластик қалдық қоқысқа тасталады, деп хабарлайды 24KZ. Елде ыдырамайтын материалдарды пайдалануға тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан бұл мемлекет әлемде мұхиттарды ең көп ластайтын ел саналады.
Бес футбол алаңына тең келетін мына қоқыс полигоны Филиппиннің Рисал провинциясында орналасқан. Қалдықтардың басым бөлігі – пайдаланылған пластик қаптамалар. Әсіресе бір рет қолданылатын кофе, түрлі дәмдеуіштер, сусабын сияқты арзан, күнделікті тұрмыста тұтынатын заттарды көп. Экологтардың айтуынша, күн сайын осындай 160 миллионнан астам қоқыс қаптамасы лақтырылады екен. Бірақ олар көп ұзамай өзен-теңіз бен мұхиттарға барып түсетін көрінеді.
Джемма Геролага, тұрғын:
- Тұрғындардың көбі сатып алу кезінде полиэтилен қапты таңдайды. Өйткені бұл үлкен пакеттермен салыстырғанда ыңғайлы және арзан. Мысалы, супермаркетте құтыдағы сусабынның бағасы 3 доллар тұрады. Ал пакеттегі нұсқасын бар болғаны 15 центке алуға болады.
Филиппиндегі қаптамалардың көпшілігі ыдырымайтын полимер мен алюминий қоспасының аралас материалдардан жасалған. Оларды қайта өңдеу үшін арнайы технологиялар қажет. Ал бұл қымбат. Сондықтан 2008 жылдан бастап елдің бірқатар өңірінде полиэтилен қаптар мен тамақ ыдыстарын өндіруге және сатуға тыйым салынды. Талапты бұзған дүкен, қойма немесе кәсіпорынға 18 доллар көлемінде айыппұл салынады. «Алайда заң билік тарапынан қатаң қадағаланбайтын, реттелмейтіндіктен, пластик тауарларды сатып алу тыйылмай отыр», – дейді экологтар.
Джемма Геролага, тұрғын:
- Пластик ыдыстардың қоршаған ортаға зиян келтіретінін жақсы білемін. Бұл ауаның ластануы, су тасқыны сияқты түрлі табиғи апаттардың тууына әсер ететін фактор. Бірақ мен секілді қарапайым адамдарға оларды сатып алу және тұтыну тиімді.
Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, Филиппин жыл сайын шамамен 3 миллион тонна пластикалық қалдық шығарады. Оның 20%-і Дүниежүзілік мұхитқа түседі.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Райхан Серікова.