Өзбекстанда «Tamerlano» операсы жаңа нақышта сахналанды

Өзбекстанда әйгілі «Тamerlano» операсы сахналанды, деп хабарлайды 24KZ. 3 ғасыр бұрын жазылған шығарма жаңа нұсқада жарық көрді. Бір ерекшелігі, Георг Фридрих Гендельдің музыкасы өзбек фольклорымен де толығып отыр. Онысы операға өзгеше рең беріп қана қоймай, көрермен көз алдында тағдыршешті кезеңдер картинасын қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды.

Осыдан тура 300 жыл бұрын жазылған «Tamerlano» операсы – әлемдік сахна өнерінің құнды мұрасы. Ташкенттегі Әлішер Науаи театрына ол өзгеше нақышта әрі сан қырлы сипатта оралды. Музыкалық туындыны жаңғыртуға заманауи композитор Кирилл Рихтер мен режиссер Стефано Пода күш салды.

Керней, дутар сынды аспаптардың дыбысы операға өзіндік әр бергендей. Себебі өзбек ұлттық фольклоры итальян тілінде шырқалатын либреттоға ХIV ғасыр картинасын қалпына келтіруге септесті. Жалпы шығарма әлемдік тарихта «Темірлан» атымен әйгілі Әмір Темірдің билік құрған кезеңін баяндайды. Сондай-ақ оның Осман сұлтаны Баязитпен текетіресі жырға қосылған. Басты рөлді танымал опера әншісі Жеңісбек Пиязов сомдайды.

Жеңісбек Пиязов, Өзбекстан мен Қарақпалпақстанның халық әртісі:

- Гендель әуелде бұл операны контртенор үшін жазған екен. Яғни, ер адам әйелдің дауысында ән салады. Сөйтіп, шығармашылық топ шығарманы бас баритонның ыңғайына қарай өзгертті. Германиядан арнайы мамандар келді. 3 айдай жұмыс істеп, «Тамерлано» партиясына қатысуға мүмкіндік алдым. Жалпы әлемде мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Барлық театр бізге хабарласып, қойылымды сахналау жөнінде ұсыныс жолдап жатыр.

Өзбекстанның бас баритоны Әмір Темір образын шебер жеткізіп, әлемдік сахна сыншыларының жоғары бағасын алды. Қойылымда тағы екі тарихи тұлғаның тағдыры суреттелді. Бірі – Шыңғыс тұқымынан тарайтын Бибі ханым, ал екіншісі – Баязит сұлтанның қызы Астерия. Оқиға желісі осы 4 кейіпкердің арасында өрбиді.

Опера Ташкентте 5 күн бойы сахналанды. Оның басы-қасында 150-ге тарта әртіс жүрді. Италия және Аргентинадан танымал өнер иелері шақырылды.

Авторы: Рауан Мыңбаев.