Қытай виза талаптарын жеңілдетті
Енді транзиттік визамен кірген шетелдіктер бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көбірек жүре алады.
Бұған дейін 144 сағатқа ғана рұқсат берілсе, енді ол 240 сағатқа ұзартылды. Сонымен қатар елге кіріп-шығуды оңтайландыру үшін қосымша 21 порт ашылды. Бұл жөнінде Қытайдың ұлттық көші-қон әкімшілігі мәлімдеді. Жаңа саясатқа сәйкес 54 мемлекеттің азаматтары жол-жөнекей 10 күнге дейін бола алады. Оларға 24 провинцияда еркін саяхаттауға рұқсат. Қытай билігі бұған туризмді дамыту мақсатында барып отыр. Айта кету керек, жыл басынан бері көрші мемлекетке 29 млн-нан астам шетелдік турист барған. Оның 17 миллиондайы шекарадан визасыз өткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 86 пайызға көп.
Линь Цзянь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қытайға саяхаттауға сұраныс өте жоғары. Туристер саны күннен күнге артып келеді. Мониторинге сәйкес транзиттік визамен жүретін туристер көп жағдайда уақыттың тығыздығын айтқан. Біз оны ескердік. Жаңа өзгерістер халықаралық туристерге бағытын нақтылап, еркін саяхаттауға мүмкіндік береді. Жуырда 26 мемлекетпен визасыз режим туралы кешенді келісім жасалды. Тағы 38 елмен біржақты жеңілдіктер жөнінде уағдаластық бар. Сонымен қатар 157 мемлекет және аймақтармен екі жақты визасыз режим туралы келісімге қол қойылған.