Сириядағы халық жалақысына қол жеткізе алмай жатыр

Сирияда тұрғындар қаржылай қиындыққа тап болды.

Олар Башар асад үкіметі құлағаннан кейін жалақылары кешігіп, банктен қолма қол ақшасын шеше алмай әлек. Бірнеше күннен бері банк алдында ұзын сонар кезек пайда болды. Кейінгі жылдары Сирияда жалғасып жатқан қақтығыстан экономикалық дағдарыс орнап, халықтың жағдайы ушығып кетті. Онсызда айлығы шайлығынан артылмайтын жұрттың енді жалақысы қолына тимей отыр. Бұл аздай аймақтағы шиеленістен соң Сирия валютасы күрт құлдырады. Уақытша үкімет қызметкерлердің жалақысын көтеріп, халықтың жағдайын жақсартуға уәде берді.

Мохаммед Савах, мемлекеттік қызметкер:

- Мен жалдамалы қызметкермін. Банктегі шотымда тұрған жалақымды алайын десем, мүмкін емес. Үш күннен бері кезекте тұрмыз. Асад үкіметі құлағаннан кейін банктен ақшамызды алу қиындап кетті.

Усама Оюн, мемлекеттік қызметкер:

- Халықта ақша болмаса, олар ішіп-жеуден қалады. Тұрмысымыз қиындап кететін болды.