Кореядағы саяси ахуал қаржы нарығына әсерін тигізді

Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс елдің қаржы нарығына әсер етуде.

Жақында ел президенті Юн Сок Ёльге импичмент жарияланғаннан кейін акциялар нарығы күрт құлдыраған болатын. Осындай тұрақсыздыққа байланысты инвесторлардың көбі өз қаражаттарын қауіпсіз активтерге салуды жөн көре бастаған. Олардың ішінде алтын, тұрақты валюта мен мемлекеттік облигациялар бар. Корей биржасының деректеріне сәйкес, соңғы 10 күнде жеке инвесторлар алтын құймаларына 64 миллиард вон салған. Сарапшылардың пікірінше, қазір елде инфляциялық тәуекелдер артып келеді. Бұған дейін Оңтүстік Кореяның ұлттық валютасы соңғы 15 жылдағы ең төменгі деңгейге дейін құлдыраған болатын. Вонның тез әлсіреуі тек халыққа ғана емес, сонымен қатар бизнеске де кері әсерін тигізуде. Әсіресе импорттық шикізатқа тәуелді салалар қатты зардап шегіп жатыр.