Ақмола облысында сегіз ауылға сапалы ауыз су берілді
Ақмола облысында биыл 8 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Оған ел қазынасынан 4 млрд теңге жұмсалды. Ал халқы аз 42 шағын-ауылға су тазарту станциялары орнатылды. Осылайша, 10 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылды.
Зеренді ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Ербол Әбжанов осы уақытқа дейін тіршілік нәрін тасымалдап тұтынып келген. Қазір бұл азаптан толығымен құтылдық,- деп қуанады. Себебі, ауызсуды үйіне дейін кіргізіп алған.
Ербол Әбжанов, С.Сейфуллин ауылының тұрғыны:
- Су тартылғалы көп жеңілдіктер көріп жатырмыз. Міне үйге дейін су кіріп, қол жусақта, жуынсақта аристон тартып, санузел барлығы істеліп онды болды. Ауылдың көбінде мұндай су жоқта. Міне Үкіметімізге рахмет осындай су тартып беріп жатқанына. Бұл енді халықтың сұрауымен болған жағдай.
400-ге жуық тұрғыны бар Сәкен Сейфуллин ауылы қазір толығымен орталықтандырылған суға қосылды. Осылайша жергілікті халықтың көп жылғы қиыншылығы артта қалып, көптен күткен арманы орындалды.
Ләззат Қасымжанова, С.Сейфуллин ауылының тұрғыны:
- Көп қиыншылық көрдік. Енді биыл міне су келіп еді рахат болды. Үйде ағыза қоямыз. Әйтпесе малға бәріне тасымал болатын.
Ал облыс бойынша биыл осы бағытта құны 32 млрд.теңге болатын 68 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 20-ы жыл соңына дейін аяқталады.
Игорь Макаров, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- 2024-2025 жылдары біз 45 ауылға ауызсу тартуды жоспарлап отырмыз. Ал 96 ауылға су тазарту станциясы орнатылады. Қазір соның 42-ін орнатып, пайдалауға бердік. Қалған жобалар келер жылы аяқталады.
Қазір аймақтағы ауыл тұрғындарының 96 пайызы сапалы ауызсумен қамтылған. Жергілікті билік өкілдері алдағы бірер жылда су мәселесін түбегейлі шешуге сенім білдіріп отыр.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко