Әлемде 33 ел есірткі сатқандарды өлім жазасына кеседі

Сауд Арабиясы есірткі қылмысы үшін сотталғандардың басын шабады, деп хабарлайды 24kz.

Иранда кейінгі 10 жылда 10 мыңнан аса есірткі қылмыскері өлім жазасына кесілген. Зиянды зат қылмысына қатысты ең ауыр жазалар қай елде?

Ернат Рахметолла, тілші:

- Әлемде есірткі сатқандарды өлім жазасына 33 мемлекет кеседі. Бірақ ең ауыр жазаны кейінгі жылдары 9 ел жиі тағайындайтын болған. Бұл тізімде Қытай, Индонезия, Иран, Кувейт, Малайзия, Сауд Арабиясы, Сингапур, Вьетнам және Солтүстік Корея бар. Мұндай мәліметті Зиянды азайту жөніндегі халықаралық ұйым келтіреді.

2023 жылы есірткі қылмысы үшін 465 адам өлім жазасына кесілді

Зиянды азайту жөніндегі халықаралық ұйымның есебі бойынша алдыңғы жылы 465 адам өмірімен қош айтысқан. Олардың 459-ы Иран, 5-еуі Сингапур, қалған 2-еуі Сауд Арабиясының азаматтары. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 44%-ке көп. Ал қазір 19 елде есірткі сатқаны үшін өлім жазасына кесілген 3 мыңға жуық адам үкімнің орындалғанын күтіп отыр.

 

Әлем елдерінде есірткіге қатысы бар адам 20-30 жылға дейін сотталады

Есірткіні қолданғаны, дайындағаны және таратқаны үшін соттау мерзімі әр елде әртүрлі. Ең ұзақ 30 жылға дейінгі мерзім Үндістан, Қытай мен Иранда беріледі. Ал Вьетнам, Индонезия мен іргеміздегі Ресейде есірткі қылмысына қатысы бар адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Дубайда Швейцария азаматы мак дәнегі үшін 4 жылға сотталды

Біріккен Араб Әмірліктерінде есірткіге қатысты «Аз көлемде» деген ұғым атымен жоқ. Бұл елде адам 1 грамм мак үшін сотталып кетуі мүмкін. Дубайда Швейцария азаматы киіміне жабысып қалған 3 түйір мак үшін 4 жылға сотталып кетті. Оған бұл ұнтақ Лондондағы Хитроу әуежайында мак қосылған тоқаш жеген кезде төгілген.

Авторы: Ернат Рахметолла