Оңтүстік Корея президентінің адвокаттары оны қамауға алу туралы шешімді заңсыз деп санайды
Оңтүстік Корея осы аптада президент Юн Сок Ёльді қамауға алу бойынша тағы да әрекет жасамақ, деп хабарлайды 24kz.
Еске сала кетейік, 3 желтоқсан күні Юн елде әскери жағдай енгізген болатын. Алайда бірнеше сағаттан кейін Парламент бұл шешімді жойды. 14 желтоқсанда депутаттар мемлекет басшысына импичмент жариялап, артынша сот оны қамауға алуға ордер берді. Дегенмен, президентті ұстау әрекеті сәтсіз аяқталды. Юнның күзеті резиденцияға тірі жанды жолатпады.
Владислав Цой, тілші:
- Юн Сок Ёльдің резиденциясы жанында оның жақтастары кезекшілік етуде. Оларды АҚШ пен Оңтүстік Кореяның тулары арқылы тануға болады. Себебі билік партиясы екі ел арасындағы одақты қолдайды. Президент жақтастары оның импичменті мен тұтқындалуы туралы мәселе күн тәртібінен алынып тасталғанға дейін осы жерде қалуға бекініп отыр.
Президенттің жақтастары мен қарсыластары оның резиденциясы маңына лагерь құрған. Мұнда шағын асхана, биоәжетханалар бар және концерттер өтіп тұрады. Мемлекет басшысының үйінің жанындағы шерулер Сеулдің Батыс округтік соты Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы шешім шығарғаннан кейін басталды. Оған бүлікке шақыру және билікті асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылды. Юнның адвокаттары қамауға алу ордері заңсыз деп мәлімдеді, өйткені Конституцияға сәйкес президенттің әскери жағдай енгізуге құқығы бар. Юн Сок Ёльдің жақтастары да осындай пікірде. Олар мемлекет басшысының резиденциясына апаратын жолды жауып тастаған.
Пак Чжу Хён, Кёнги провинциясының тұрғыны:
- Қазір Оңтүстік Кореяда Қытай Коммунистік партиясының ықпалы тым күшейіп кетті. Соның салдарынан еліміз авторитарлық мемлекетке айналып барады. Сондықтан Президент мемлекетімізге қарсы күштермен күресу үшін әскери жағдай жариялады. Біз Юн Сок Ёльді қолдаймыз және оның билікке қайта оралуы үшін күресуге шықтық.
Президенттің қарсыластары Юн жариялаған әскери жағдайды демократияға қарсы әрекет деп санайды және оның тез арада отставкаға кетуін және қамауға алынуын талап етуде. Дүйсенбі күні олардың саны Юн Сок Ёльдің жақтастарына қарағанда әлдеқайда аз болды. Оппозициялық партиялардың бірінің жетекшісі наразылық білдірушілердің аздығын былай түсіндірді.
Пак Джун Ый, Халықтық егемендік партиясы тұрақты комитетінің төрағасы::
- Арамыздағы азаматтардың көпшілігі күндіз жұмыс істейді, студенттер де бар, сондықтан жиналу қиын. Алайда біз митингтерді күн сайын, әсіресе, Кореяның Конституциялық сотының алдында өткізіп жүрміз. Біз Юн Сок Ёль қамауға алынып, оны өз көзімізбен көрмейінше бұл жерден кетпейміз.
Осы аптада Юн Сок Ёльді қамауға алу әрекеті екінші рет жасалады. Операцияның күні мен уақыты құпия сақталуда. Кей мәліметтерге сүйенсек, Юнды 700-ге жуық қаруланған күзетші қорғайды. Резиденцияны екінші рет басып алуға шамамен 950 полиция қызметкері жұмылдырылған. Қантөгістің алдын алу үшін тергеушілер Юн күзетшілері командирлерінің бұйрығына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын ескертті.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян