Француздар баспана кезегінде 7 жылға дейін тұруы мүмкін
Ұлыбританияда әлеуметтік баспанаға кезекте тұрғандар саны бір миллион адамнан асады. Бірақ үйлердің құрылысы тым баяу жүріп жатыр. Көрші Германияда да құрылыс қарқыны төмен. Ал Францияда ірі шаһарларда үйге кезек бірнеше жылға дейін созылып кетуі мүмкін.
Ұлыбританияда әлеуметтік баспанаға 1,3 млн адам кезекте тұр
Ұлыбританияда әлеуметтік баспана көп адам үшін қолжетімсіз. Оған қымбатшылық себеп. Мұнда жылжымайтын мүліктің орташа құны біздің ақшамен 300 миллион теңге шамасында. Бұдан бөлек, елде кейінгі 10 жылда баспанасы жоқ азаматтардың саны екі есе артқан. Дерекке қарағанда оған миллионнан аса адам кезекте тұр. Үй-күйсіз жүргендер әсіресе Лондонда көп. Соңғы дерек бойынша қалада 180 мың адамның пәтері жоқ. Былтыр билікке келген үкімет 1,5 миллион үй саламыз деп уәде еткенімен, қазірге дейін оның 5 мыңын ғана қолданысқа берген. Өйткені құрылысшылар тапшы. Ал тапсырылған үйлердің кейбірі тұрғын үй қауымдастықтарының талаптарына сай келмей жатады екен. Сарапшылар құрылыс компаниялары бір бөлмелі пәтерлерді көптеп салып, балалы отбасыларға қиын болып жатқанын айтады.
Германияда әлеуметтік баспана құрылысының қарқыны төмен
Германияда кезекте тұрған азаматтардың сұранысын қанағаттандыру үшін 800 мың баспана қажет. Мұндай тапшылық кейінгі 20 жылда болмаған. Бұған елге ағылған мигранттардың көбеюі себеп. Шикізат бағасының өсуі мен жұмысшылардың жетіспеушілігі де кері әсер етіп отыр. Содан құрылыс қарқыны төмендеген. Билік 2030 жылға дейін мәселені шешеміз деп отыр. Ол үшін жыл сайын 100 мың әлеуметтік баспана қолданысқа беріліп отыру керек. Бірақ бұл жоспары кешігіп жатыр. Мысалы, 2023 жылы 100 мың үйдің орнына тек жартысы ғана салынған.
Француздар әлеуметтік баспанаға 7 жылға дейін кезекте тұруы мүмкін
Францияда әлеуметтік баспана «Ашелем» деп аталады. Ол мемлекеттік қаржыландыру есебінен төмен бағамен жалға беріледі. Бұл жүйе 1950 жылдан бері қолданылады. Заң бойынша елдегі тұрғын үй қорының 20%-і осы Ашелемнің үлесіне тиесілі болу керек. Мұндай пәтерлердің ауданы 80 шаршы метрден аспайды. Ірі қалаларда оған қол жеткізу қиындау. Мысалы, Парижде кезек 7 жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Оның үстіне пәтер жалдап тұратын адам жыл сайын табысының төмен екенін растап отыру қажет. Шалғайдағы өңірлерде кезек әлдеқайда тез жүреді. Бұл мәселеде төменгі күнкөріс деңгейінен бөлек әлеуметтік баспананың жалдап тұруда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да басымдық беріледі.
Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Тамерлан Ким.