Беларусьте президент сайлауында дауыс бергендер саны 56,64%-ды құрады
Беларусьтегі президент сайлауында дауыс бергендер жергілікті уақыт бойынша сағат күндізгі 12:00-де 56,64 пайызды құрады.
Бұл туралы елдің Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеген. Беларусьте азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, сайлау өтті деп есептелінеді. Жалпы республикада сайлаушылар саны 7 миллионға жуықтайды. Алайда олардың 42 пайызы мерзімінен бұрын дауыс беріп үлгерген. Бұл жолы Беларусь бойынша 5 мыңнан астам учаске ашылған. Бірақ шет мемлекеттерде тұратын ел азаматтарының дауыс беру мүмкіндігі жоқ. Мұны елдің Орталық сайлау комиссиясы айтты. Сондай-ақ бұл жолы жаңа ереже енгізілген. Бюллетеньдерді суретке түсіруге болмайды. Олай істеген адамға айыппұл салынады. Саяси додаға 5 үміткер тіркелген. Олардың арасында қазіргі президент Александр Лукашенко, Коммунистік партия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Сыранков, Еңбек және әділет партиясының төрағасы Александр Хижняк, Либерал-демократиялық партиясы басшысы Олег Гайдукевич және кәсіпкер Анна Канопацкая бар. Саяси үдерісті бақылауға 500 халықаралық байқаушы келген. Сайлаудың түпкі нәтижесі 10 күн ішінде, 5 ақпанға дейін жариялануы керек.