Қазақ атбегілері Дубайда арабтың сәйгүліктерін баптап жүр
Қазақтың бәйге атын баптау өнері әлемге үлгі.
Халқымыз секілді жылқыны текті жануар санайтын арабтар бұған айрықша қызығушылық танытып отыр. Тіпті сол шаруаға әбден машықтанған бір топ атбегімізді аттай қалап алдырып, қызметіне жүгінген. Қазір оншақты отандасымыз Дубайда сан алуан сәйгүлікті сынап, аламанға дайындайды.
Бұл қазақстандық Райымбек Алпысов пен қырғызстандық Нұржігіт Құтманалыұлының ат үстінде түрлі трюк жасап, басты мемлекеттік нышандарымызды дәріптеген сәті. Бауырлас қос ұлттың ұл-қыздары араб жерінде үзеңгі қағыстырып, қатар қызмет етіп жүр. Қолы қалт еткен уақытта әлеуметтік желіге осындай контент түсіреді. Ал Қызылжар өңірінің тумасы Гүлім Аяғанова қазақтың атбегілік өнерін әмірлікте алғаш кәсіп қылғандардың бірі. Осы күні соңынан ерген бір топ отандасы бар. Ерге бергісіз еңбегіне қарай аға бапкер атанған.
Гүлім Аяғанова, атбегі:
- Мен атқа мінуді ауылдан білемін. 6 жаста болғанмын алғаш мінгенде. Ауылда жақсы аттар болды. Жүгенсіз жүретінмін. Ағам да атқа мінетін. Соған ілесіп үйрендім. Және Дубайда осымен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды.
Иә бәйге атын баптау қазаққа тән қасиет. Аламанға қосар жүйрікті алыстан немесе құлын кезінен таниды. Сондықтан арабтар аттай қалап алдырған. Оған қоса шымкенттік шабандоздар Назерке Қасымбек пен Бибігүл Байдарова жергілікті өрендерді ат спортына баулиды. Орайы келгенде 100 шақырымдық аламандарға қатысады. Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктері жыл сайын сәйгүліктердің сан түрлі сайысын өткізеді. Ол үшін Дубайда арнайы атшабар салынған.
Райымбек Алпысов, атбегі:
- Олар өздері біледі. Қазақ-қырғыздар атта қалай жүреді, қалай баптайды. Біз де тәжірибе жинау үшін келдік. Марафон бар ұзақ қашықтыққа. Содан біраз үйреніп опыт жинадық. Қазақстанның өзінде жорықтар боп жатыр. 500 шақырым.
Қазір атбегілеріміз дубайлық кәсіпкер Әли Әл Марзугидің жаңа аламан аттарын дүбірлі додаға дайындауды бастады. Бабы шауып, бағы жанса біраз жүлде еншілеуі мүмкін.
Әли Әл Маргузи, кәсіпкер, атшабар иесі:
- Қазақ бапкерлерімен 10 жылдан бері бірге жұмыс істеймін. Олар менің отбасым, жақынымдай болып кеткен. Менің ойымша, әр ұлттың ат баптау әдісі болады. Бір-біріне ұқсас емес. Мәселен, сіздің елден келген қыз-жігіттер тізгінді жақсы ұстайды. Әрі ұзақ қашықтыққа шыдамды болады.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Халқымыз әуелден «ат шаппайды, бап шабады» деген. Сөйтіп тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеген. Күні бұрын «Әл Мактум» челленджінде 12 сәйгүлік арасынан жетінші болып мәре сызығын кескен «Қабірханға» қатысты да осылай деуге болады. Қазақ тұлпары сол сында жүлдеге сәл жетпей қалды. Десе де бұл оның кейінгі 1 жылдан бергі бірінші жарысы еді. Хош. Алда әлі айтулы аламан көп. Бұдан қазақтың ат баптау өнеріне қызығушылық артпаса, кемімейді. Сөзімізге Дубайда қызмет етіп жүрген қыз-жігіттер дәлел.
Рауан Мыңбаев