АҚШ заңсыз мигранттарды жаппай депортациялап жатыр. LIVE
Ақ үйге қайта оралған АҚШ президенті Дональд Трамптың биліктегі алғашы аптасы әлем назарын аудартып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, заңсыз миграцияға қарсы күресі көрші елдердің де мазасын қашырды. Жексенбінің өзінде Чикаго, Атланта, Лос-Анджелес, Остин қалаларында мыңға жуық рейд өтіп, елде заңсыз жүргендер ұсталды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бұл – Трамптың алғашқы аптасы болуымен қатар бүгінгі күн Трамп қорғаныс министрлігіне тағайындаған Пит Хегсеттің Пентагондағы алғашқы күні. Екеуі алғашқы жұмыс уақытында белсенді жұмысқа кірісіп кетті.
Әсіресе, сол Хегсет мырза оңтүстіктегі шекараға қандай көмек қажет болса, соның бәрін жіберемін деп, білек сыбанып кірісіп отыр. Дүйсенбінің өзінде 1200-ге жуық адам ұсталды. Жексенбіде де мыңнан аса адам қолға түскен. Бұл көрсеткіштер бір күнге шаққандағы статистикадан үш есе жоғары. Және өздеріңіз білетіндей, осы орайда Колумбия билігінің әрекеті кешелі бері әлем назарын өзіне аударған еді. Қазір олар да сабасына түсті. Трамптың үлкен тарифтерінен кейін 110 колумбиялық мигрантты дәл қазір әскери ұшақпен өздері алып қайтатын болды. Даудың басы дәл сол әскери ұшақта еді. Колумбия президенті: «Мигранттарды қылмыскерлер сияқты әскери ұшақпен тасымалдау орынсыз», - деп шүйліккен еді. Қазір Латын Америкасындағы мемлекеттердің басшылары Трамптың алғашқы аптасындағы әрекетттерінен қорытынды жасап, осы бейсенбіде өңірлік жиын өткізгелі жатыр. Басты тақырып сол миграция болмақ. Аталған рейдтерге қатысты АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі де үнсіз қалмады. Әлеуметтік желідегі парақшаларында келесі мәліметті жариялады.
АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға көмектеседі. Және сол депортация салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға ықпал етеді. «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізіліп, мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа дейін Мексикада қалуға міндеттеледі. «Ұста да жібер» шарасы тоқтатылып, заңсыз жүрген мигранттар не қамауға алынады, не болмаса департацияланады.
Және осы депортация тек өз еліне емес, шекараны кесіп келген Мексикаға да бағытталуы мүмкін. Қазіргі таңда ашық мәліметтерге сүйенсек, былтыр Орталық Азиядан 50 мыңға жуық адам АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өткен. Оның 17 мыңы Өзбекстаннан, 7 мыңы Қырғызстаннан, 3 мыңы Тәжікстаннан, және 2700-і Қазақстаннан, 2 мыңға жуық мигрант Түрікменстаннан болған. Трамп айтпақшы, АҚШ тарихындағы ең ауқымды заңсыз мигранттар депортациясы аясында Мексикаға төрт ұшақ, Гватемалаға екі ұшақ жіберілді. Рейстерде жалпы 4 мыңнан астам адам болған. Денін көрші елдерге әскери ұшақтармен апарып тастап жатыр. Бұндай қатаң рейдтер аптасына 2-3 рет өткізілмек. Отбасылар ажырайтын жағдайлар тіркелуі мүмкін. Осыған байланысты Вашингтон штатының губернаторы арнайы жұмыс тобын құрып, қараусыз қалған балаларға көмек көрсетуді қарастырып жатыр.
Сондай-ақ Қытайлық DeepSeek компаниясының R1 моделі біраз адамды әбігерге салып жатыр. Тіпті Трамптың алғашқы жұмыс аптасында бұл тақырып тіптен өзекті болып отыр. Себебі ол билікке келе салып, Байденнің шешімдерінің күшін жойғанын айтып едік қой. Үкіметтегі ауыс-түйіс кезіндегі осындай шаралар түрлі тараптардың сынына қалса да, дәл осы жасанды интеллектке қатысты заңнамалық өзгерістер уақытылы орын алып жатқан сияқты. Себебі қазіргі таңда цифрлық индустрия саласында үлкен дүрбелең орын алды. Қытайдың DeepSeek компаниясы арзан әрі өндірісте шығыны аз жасанды интеллект моделін таныстырып, алпауыт OpenAI компаниясын қор нарығында үлкен шығындарға батырып отыр. Чип жасаушы NVIDIA-ның нарықтық құны 600 млрд долларға құлдырап кетті. Өзге де үлкен компаниялардың дүр сілкінгені тағы бар. Бұл Ақ үйге де үлкен белгі болып тұр. Бірақ Дональд Трамп бұған кәнігі кәсіпкерлерше жауап берді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Соңғы бірнеше күнде қытайлық компанияның жасанды интеллект саласындағы жетістігі жайлы оқып жүрмін. Олардыкі арзан екен. Бұл жақсы емес пе?! Демек біз де үнемдей аламыз деген сөз. Бәсекеге мықтап кірісу керек. Бізде білікті мамандар жетерлік. Оны маған Қытайдың үкіметі де талай айтқан. Миллиардтарды жұмсағанша, қытайлық компания сияқты арзан да сапалы түрін жасауды қолға алу керек.
Миллиардтарға қатысты сөзі бекер емес. Себебі өткен аптада ғана 500 млрд доллар жұмсалатын Stargate жобасын зор мақтанышпен өзі жария еткен.
Бұл қомақты сома Жасанды интеллект саласындағы үлкен өзгерістің боларынан хабаршы болып отыр. Әрі АҚШ Қытайдан қалғысы да, өзіне жеткізгісі де келмейді. Содан болу керек, америкалық мамандар көптеп шығындалғанына қынжылып, тіпті Байден әкімшілігін кінәләп, ЖИ-дің дамуына қолбайлау болды деп айыптады. Сарапшылар: «тіпті Трамптың ат үркітер тарифтік саясатына да үлкен өзгеріс алып келуі мүмкін», - дейді.
Брайан Якобсен, экономист:
- Меніңше Трамптың іс жүзінде енді қандай шешім қабылдары көпшілікті ойландыратын сияқты. Себебі қытайлық компания бұрынғыдай бағалы чиптерге тәуелді емес. Ал экспортына қатаң қарап, чип секілді құнды өнімдерді оңайлықпен бере қоймайтын АҚШ үшін үлкен белгі. Себебі бұрынғыдай оны саяси экономикалық шектеу құралы ретінде қолдана алмайды. Меніңше Ақ үй сол тыйымдарды былай қойып, америкалық технологияларға көбірек қолдау білдіруге екпін беру керек. Ал бұл жаңадан келген Трамп әкімшілігінің саясатына біраз өзгеріс әкеледі.
Қалай болса да, осы орайда Трамптың кеңесшісі, Кремний алқабының маманы Марк Андрисеннің пікірін тілге тиек еткім келеді. Сарапшы DeepSeek жасаған R1 моделін Кеңес Одағының 1957 жылы шығарған «Спутник» атты жасанды Жер серігіне балады. Дәл содан кейін ғарыш индустриясы қарыштап дамып еді. Қазіргі заманның ғарышы дәл осы жасанды интеллект болғалы тұр.
Авторы: Ердана Ержанұлы