Еуроодақ Сирияға қарсы санкцияларды жеңілдетеді

Еуропалық одақ елдері Сирияға қарсы санкцияларды жеңілдетуге уағдаласты, деп хабарлайды 24kz.

Еуроодақ кеңесінің Брюссельде өткен отырысында шектеу шараларын біртіндеп алу туралы шешім қабылданған. Бірақ араб елінің жаңа ұстанымы Еуроодақ саясатына қайшы келсе, онда санкциялар қайта жанданатыны ескертілді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 7 апта бұрын Сирия президенті Башар Асад режимі құлатылған болатын. Сондай-ақ Дамаскіде Еуроодақ өкілдігі қайта ашылуы мүмкін. Сирияның жаңа билігіне елде демократия орнату талабы қойылып отыр. Бұдан бөлек, ресми Брюссель Кәрі құрлық аумағындағы жүздеген мың сириялық босқын отанына оралады деген үмітте.

Кая Каллас, Еуроодақ дипломатиясының басшысы:

- Бүгін біз Сирияға қарсы санкцияларды жеңілдету бойынша саяси мәмілеге келдік. Бұл Сирия экономикасына серпін беріп, мемлекеттің аяғынан тұрып кетуіне септесуі тиіс. Алайда шешімін күтіп тұрған техникалық мәселелер бар. Десе де, саяси ерік бар болғандықтан, бұл түйткілдер шешіледі деген сенімдемін. Сонымен қатар гуманитарлық көмек пен қалпына келтіру жұмыстарын кеңейтеміз.